Еуропа елдері Францияға орман өртін сөндіруге көмектесіп жатыр

Еуропа елдері Францияға орман өртін сөндіруге көмектесіп жатыр
Сурет: Egemen.kz

Еуропа елдері Францияның оңтүстік-батысындағы Жиронда департаментіндегі өртті сөндіру үшін қосымша күш жіберіп жатыр. Бұл туралы Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Осы аптадағы аптап ыстықта өрт күшейіп, 7,5 мың гектар орманды шарпыды. Төтенше жағдай қызметінің мамандары ең болмаса өрттің жайылуын тежесек деп отыр. 1000-нан астам өрт сөндіруші тілсіз жауды оқшаулау үшін тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Оларға Польша, Австрия, Румыния, Венгрия және Германиядан тағы 350 маман жіберілді. ТЖ мамандарымен қоса, ЕО елдері оқиға орнына арнайы техникаларды да жолдаған.

Оның ішінде өрт сөндіретін ұшақтар да бар. Франциялық өрт сөндірушілер өзге елдердің мамандары көмекке келмесе, жағдай қиын болғалы тұрғанын жеткізді. Себебі олар өртпен күресіп жатқан басқа аумақтағы өрт сөндірушілерді тарпақ болған көрінеді. Жирондада осы жазда осымен үшінші рет ірі орман өрті болып жатыр. Тіпті елдің ІІМ-і бұл өртті біреулер қолдан ұйымдастырып отыр ма деген де күдігі барын айтқан. Осы аптаның ішінде қауіпті аудандардан 10 мың адам эвакуацияланды.