Еуроодақта кедейлік шегінде тұрған балалардың саны 19,6 миллионға жеткен

Еуроодақта кедейлік шегінде тұрған балалардың саны 19,6 миллионға жеткен
сурет:radiokp.ru

Еуроодақта балалардың 25 пайызы кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр.

Save the Children үкіметтік емес ұйымы Еуроодақта кедейлік шегінде тұрған балалардың саны 2021 жылы 200 мыңға артып, 19,6 миллионға жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

7 наурызда жарияланған баяндамада Еуроодақтағы әр төртінші бала 2021 жылдың соңында өмір құны, климат дағдарысы мен COVID-19 сынды факторлардың қосылып, көптеген отбасының кірісі төмендеуі салдарынан кедейлік шегіне жетіп, әлеуметтен оқшауланып қалды.

Save the Children Germany ұйымында балалар кедейлігі мен әлеуметтік теңсіздік мәселелерімен айналысатын Эрик Гросхаус мұндай санды «апаттық» деп атап, Еуроодақтағы кедейлікте өмір сүріп жатқан балалардың 10%-нан көбі тиесілі Германияны «уәделерін орындауға» шақырды.

Кедейлік қаупі төніп тұрған, көрсеткіші ең жоғары елдер Румыния мен Испания болып шықты: 41,5% және 33,4%. Ең төменгі көрсеткіш Финляндия мен Словенияда тіркелді.

Зерттеушілер жаңа деректерді жинақтаған кей елдердегі жағдай Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін және оның жағымсыз салдарынан (азық-түлік пен энергияның қымбаттауы) соң одан сайын нашарлап кеткен.

Мәселен, ұйымның есептеуінше, 2022 жылы 40% румын үй шаруашылығының табысы алдыңғы жылмен салыстырғанда төмендеген, ал шығыны 98%-ға көбейген.

Әсіресе мигрант-балалар, босқындар мен баспана сұраушылар зардап шегіп отыр. Сондай-ақ толық емес отбасы, көпбалалы отбасы мен мүмкіндігі шектеулі балалар қауіп тобында тұр.

Балаларға арналған еуропалық кепілдік – өсіп келе жатқан теңсіздік мәселесін шешетін және миллиондаған баланың жарқын болашағын қамтамасыз ететін кілт.

«Үкімет бұл тетікті балалар кедейлігімен күресу үшін толықтай қолданып жатқанына сенімді болуы керек», - деп мәлімдеді Save the Children ұйымының еуропалық бөлімшесінің директоры.