Еуро-2024: Қазақстан құрамасы сенсациялық жеңіске жетті

Еуро-2024: Қазақстан құрамасы сенсациялық жеңіске жетті
Сурет: Ашық дереккөз

Қазақстандық футболшылар Дания құрамасын жеңді

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысының топтық кезеңіндегі екінші тур ойыны аяқталды. Ойын алаңында Қазақстан мен Дания құрамалары кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Астана Арена» стадионында өткен кездесу 3:2 есебімен қазақстандықтардың сенсациялық жеңісімен аяқталды.

Бірінші таймда Дания құрамасының толығымен басымдық танытқанын айта кету керек. Расмус Хёйлуннің қос голынан кейін даниялықтар есеп айырмасын ұзартып, тайм 0:2 есебімен аяқталды.

Екінші кезеңде Қазақстан құрамасы басымдыққа ие болып, алаңға үстемдік ете бастады. 73-минутта Бактиёр Зайнутдинов пенальти арқылы 1:2 есебіне қол жеткізіп, алаң иелеріне үміт отын сыйлады.

Содан кейін 87-минутта Асхат Тағыберген допты Петер Шмейхель қақпасының алыс бұрышына бір-ақ түсіріп, есепті теңестірді.

Ал негізгі уақыт аяқталған 90-минутта қазақ футболшылары тағы бір сенсация жасап, үшінші жеңіс голын соқты. Абат Айымбетовтың баспен соққан голы жұртты тәнті етті. 

Осылайша, 3:2 есебімен басым түскен Қазақстан құрамасы 17 маусымда Сан-Марино құрамасымен сырт алаңда ойнайды деп жоспарланып отыр.

Айта кетсек, бұған дейін Дания құрамасымен 4 мәрте кездесіп, бәрінде жеңіліске ұшырап келген Қазақстан құрамасының бұл жеңісі қазақстандық жанкүйерлер үшін үлкен қуаныш екені рас. Әлеуметтік желілерде отандастырымыздың осы тарихи жеңіске қуанған сәті түсірілген бейнежазбалар көптеп тарап жатыр.

Соның бірі – Астанадағы №40 автобус жолаушыларының видеосы. Видеодан екі ел футболшыларының ойынын қоғамдық көліктегі шағын теледидардан тамашалаған жанкүйерлердің жеңісті сәтте қалай қуанғанын көруге болады. Автобус жолаушылары қуаныштан «Қазақстан! Қазақстан! Қазақстан!» деп айғайлап, артынша бірауыздан Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін шырқады. 

Желі қолданушылары бейнежазба астына «Жарайсыңдар! Қазақ елінің осындай қуанышты сәті көп болсын!», «Елі үшін шын жүректен қуана білетін осындай патриот жастарымыз қуантады», «Қандай әсерлі көрініс!» деп сүйсінген пікір қалдырып жатыр.