Euro-2020

Euro-2020
Сурет: Dw.com

Түркия бірінші сүрінді

Еуропа чемпионатында топтық кезең аяқталуға жақын. Италия, Нидерланд, Бельгия сияқты серке құрамалар екінші турдан кейін-ақ плей-офф жолдамасын иеленіп қойған болса, үшінші турдың алғашқы ойынында Түркия құрамасының ештеңеден үміт ете алмайтыны белгілі болды. Түріктер Швейцариядан 1:3 есебімен жеңіліп, жалғыз ұпай да иелене алмады. Алғашқы екі турда Италияға – 0:3, Уэльске 0:2 есебімен есе жіберген соң, түріктер соңғы турда қалайда Швейцариядан басым түсуге тиіс еді. Алайда Шенол Гүнеш жаттықтыратын жас команда әзірше үлкен белестен асуға дайын емес сияқты.

Бұл топта Италия үш кездесуін де жеңіспен аяқтап, енді С тобында екінші орын алған команданы күтіп тұр. Италиялықтар Еуро тарихында топтық турнирде өз қақпасына доп жібермеген жалғыз команда ретінде тарихқа енді. Ал Уэльс соңғы турда дәл осы құрамадан жеңілсе де (0:1), келесі кезеңге шықты. Швейцария да плей-оффтан тыс қалған жоқ. Бұл команда Уэльстен доп айырмасының нашарлығынан ғана үшінші сатыда тұр.

 

Автоголдар додасы

Бұған дейін Euro-2016 турнирі ғана автоголдарға бай болған еді. Яғни бес жыл бұрынғы жарыста үш ойыншы өз қақпасына доп енгізіп алған-ды. Биылғы доданың екінші туры аяқталмай жатып, бес автогол тіркелді. Әсіресе жұрт күткен Португалия – Германия кездесуінде қорғаушылар көп қателесті. 35 минутта португалдардың орталық қорғаушысы Рубен Диаш өз қақпасына доп соғып алса, араға төрт минут салып Рафаэл Геррейру де Германия пайдасына гол соқты. Осылайша, аса сәтсіз басталған кездесу тағдырын «неміс машинасы» толықтай өзгерте алды.

Бұған дейін М.Демирал (Түркия) М.Хуммельс (Германия) және В.Щесны (Польша) автогол авторы болды.

2018 жылғы әлем чемпионатында 12 футболшы өз қақпасын таңбалап алған еді. Биылғы Еуродағы көрсеткіш соған жетеқабыл болатын сияқты.

 

Рекордтар, рекордтар...

  • Криштиану Роналду доп соққан сайын рекорд жасайды. Португалия – Германия (2:4) кездесуінде ол есеп ашып, Еуропа чемпионаттарының финалдық кезеңіндегі гол санын 12-ге жеткізді. Қазір ойнап жүрген футболшылар ішінде Гризманн ғана оның шаңына ілесіп келеді (7 доп).
  • Германия құрамасының қақпасына енгізген добы Криштиану Роналдудың ірі турнирлердің финалдық кезеңіндегі 19-голы болып отыр. Бұл көрсеткіш бойынша КриРо даңқты Мирослав Клоземен теңесті. Клозе әлем чемпионаттарында – 16, Еуропа біріншіліктерінде 3 гол соққан болса, Роналду әлем чемпионаттарындағы 7 голына Euro-ның 12 дәл соққысын қосты.
  • Швейцария құрамасының жартылай қорғаушысы Жердан Шакири төрт бірдей ірі турнирде мергендік танытқан алғашқы швейцариялық футболшы атанып отыр. Ол 2014 жылғы әлем чемпионатында Гондурас қақпасына хет-трик жасады, 2016 жылғы Еурода Польша қақпасына плей-офф кезеңінде гол енгізді, 2018 жылғы әлемдік додада Сербия қақпасына жеңіс добын соқты. Ал биыл топтық турнирдің ІІІ турында Түркия қақпасына қос доп тоғытты.
  • Германия құрамасы Еуропа чемпионаттарының финалдық кезеңдерінде 300 доптан асыра соққан алғашқы құрама болды. Немістер Португалия қақпасын төрт рет дәл көздеп, бұл көрсеткішті 302-ге жеткізді. Әзірше Еуропаның ешбір құрамасы бұл межеге жете алған жоқ.

 

Жаңа жұлдыздар кім?

Мануел Локателли (Италия). Қарапайым «Сассуоло» командасының орталық жартылай қорғаушысы бұл додада жарқырай көрініп жатыр. Ол Швейцария қақпасына қос доп соқты. Жоржинью, Барелла сияқты мықтылармен өте түсінісе, жақсы өнер көрсетіп жатыр.

Робин Госенс (Германия). 18 жасына дейін футболға ермек ретінде қарап, кейін жалғыз мүмкіндікті сәтті пайдаланған Госенс Португалия – Германия кездесуінің тағдырын шешті. Ол тамаша екі пас шығарып берді, өзі де доп соқты.

Дензел Думфрис (Нидерланд). ПСВ командасының бұл қорғаушысын көпшілік қарапайым, көп ерекшелігі жоқ футболшы ретінде білетін еді. Тіпті білмейтіндер де аз емес. Осы додада Думфрис қорғанысты тасқамал етіп ұстауға үлес қосып қана қоймай, Украина қақпасына жеңіс добын соқты, Австрия қақпасын да дәл таңбалады. Биылғы додадан кейін оған суперклубтар қызығушылық танытып жатса, таңдана қоймаймыз.