Ет өнімдерінің бағасы 16%-ке қымбаттады

Ет өнімдерінің бағасы 16%-ке қымбаттады
Сурет: Мassaget.kz

Оның ішінде ет және құс еті (14,6%), шұжық (21,3%), басқа да ет өнімдері (15,7%) қымбаттаған.

Қазақстанда жыл басынан қазан айына дейін ет және ет өнімдерінің бағасы бірден 15,9%-ке өсті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Бір жылдағы ет бағасының өсімі:

сиыр еті – 9,3%;

жылқы еті – 16,3%;

шошқа еті – 13,4%;

қой еті – 12,5%;

құс еті — 28,6%.

Бір жылдағы шұжық бағасының өсімі:

қайнатылған - 22,2%;

жартылай ысталған – 21,2%.

Өңірлік бөліністе ет және ет өнімдері бағасының ең көп өсімі Маңғыстау облысында тіркелді: жылына 22,6%. Одан кейін Павлодар (+ 20%) және Ақтөбе (+ 19,5%) облыстары тұр. Бұл аймақтарда өткен айда сиыр етінің бір келісін орта есеппен 2,4 мың теңгеден, қой етін – 2,7 мың, шошқа етін – 2 мың, жылқы етін – 3 мың, тауық етін – 1, 4 мың, тауықтың сан етін – 1,2 мың, қайнатылған шұжықты – 2,6 мың, жартылай ысталған шұжықты – 3,1 мың, сиыр бауырын –1,2 мың теңгеден сатып алуға болатын.

Сонымен бірге 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында ет шаруашылығында тірідей салмақта 1,5 миллион тонна (бір жылда + 0,7%) және сойыс салмағында 847 мың тонна (+ 0,3%) мал мен құс сойылды немесе союға сатылды. Сондай-ақ сиыр сүтінің өндірісі – 1,8%-ке, тауық жұмыртқасы – 5,3%-ке, ірі мал терісі – 1,6%-ке өскен.

Дегенмен, статистикалық мәліметтер бойынша, ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жем өндірісі 11,8%-ке төмендеген. Өндірістің басым бөлігі Алматы облысына тиесілі: 347,3 мың тонна жем, бір жылда 3% өсім. Үздік үштікке Ақмола (223,8 мың тонна, - 0,5%) және Солтүстік Қазақстан (161,1 мың тонна, + 18,4%) облыстары да кірді.

Осы жылдың 1 қазанына дейін елімізде ірі қара мал басы 9 миллион басқа жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,7%-ке артық. Оның ішінде сиыр 4,6 миллион басты құрады. Жылқы саны 11,7%-ке өсіп, 3,8 миллион басты, түйе – 8,6%-ке өсіп, 265,3 мың басты, қой – 4,2%-ке өсіп, 21 миллион басты, құс – 0,6%-ке өсіп, 50 миллион басты құрады. Бұл ретте ешкі (0,8%-ке азайып, 2,5 млн бас) және шошқа (11,6%-ке азайып, 849,3 мың бас) саны азайды.