Естеліктер сыр шертеді

Естеліктер сыр шертеді
Суреттерді түсірген - Самат

ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінде генерал-майор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері Еркін Мусабаевтың «Память, говори...» атты кітабының тұсаукесері болды.

Кітапта генерал-майордың өмірі және қызмет жолында бастан кешкен оқиғалары баяндалған. Еркін Мусабаев еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне сүбелі үлес қосқан жан. Қатардағы жедел уәкілден бастап, арнаулы қызметтің барлық сатысынан өтіп, бәрін абыроймен атқарған. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету атты қастерлі іске еңбегі сіңген құрметті ардагер.

«Біздің әкеміз зейнет жасына шығар алдында ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінде жұмыс атқарды. Оның өмірі өте ерекше болатын, анам екеуі көптеген қалада бірге қызмет атқарды. Әкем жастайынан тыңбай еңбек етті. КСРО МҚК-нің орталық аппаратында бөлім бастығының орынбасары, өндірістік қарсы барлау басқармасының партия ұйымының хатшысы болды. Қызмет жолында еліміздің әр аймағында басшы болып жұмыс істеді. Біз әкемізді мақтан етеміз. Бұл кітапта әкемнің бала кезінен, есейген, ес кірген сәтіне дейінгі кезеңдері жазылған. Сондай-ақ, өзімен бірге жұмыс істеген қызметтестері жайлы баяндалады», – дейді қызы Раушан Мұсабаева.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері, генерал-майор Махамбет Мустафа: «Біз Еркінмен ұзақ жылдар бойы дос болдық. Кітапты жазар алдында «мұның пайдасы біреуге тие ме, жастарымыз осы кітапты оқығанда рухтанып, жігерлене ала ма?» деп көп ойландық. Ақыры, оқырмандардың жүрегіне жететіндей жазуға тырыстық. Еркіннің еңбек жолы өте қызық. Оның отбасындағы 4 қызы әр өңірде қызметте жүргенде дүниеге келді. Қасындағы жары оған сенім білдіріп, үнемі қолдау көрсетті. Еркін өте еңбекқор, адал, жүрегі кең адам. Өзін бастықпын деп менменсігенін еш уақытта көрмедім. Оның өмір жолы жастарға үлгі-өнеге екеніне сенімдімін», – дейді.