Ескі тұрғын үй мәселесі - аудандағы ең өзекті мәселелердің бірі

Ескі тұрғын үй мәселесі - аудандағы ең өзекті мәселелердің бірі
Сурет: Inform.kz

 Аудандағы барлық көп қабатты үйлердің жартысы ескірген, бұл қаланың барлық ескі қорының 40%-ін құрайды.

 Бүгінгі күні жеке құрылыс салушылар 17 көп пәтерлі тұрғын үй салып жатыр, оларға ескі үйлердің тұрғындары көшіріледі, деп хабарлайды  Almaty-akshamy.kz.

Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен өткен кездесуде айтты. 

«Осипенко көшесінде 59 пәтерлік 2 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады. Онда біз Чернышевский – Сауранбаев – Молдағалиев – Толстой көшелерінің шаршысында орналасқан 4 ескі үйдің тұрғындарын уақытша көшірмекпіз. Бұл бізге келесі жылы осы 4 үйді бұзып, 214 пәтерлік 10 үйдің құрылысын бастауға мүмкіндік береді.

Осы көшелердің шаршысында 152 пәтерлік 7 көп пәтерлі тұрғын үй салынуда, оның ішінде ескі үйлерді жаңарту бағдарламасы бойынша 48 пәтер айналымдағы тұрғын үйге арналған. Бұл үйлер 2023 жылғы мамырда пайдалануға беріледі. Аталған нысандар аяқталғаннан кейін біз Спартак, Ақындар көшесіндегі тағы 8 үйдің тұрғындарын көшіруді жоспарлап отырмыз», - деді қала әкімі Ерболат Досаев. 

Кассин, Котельников көшелері, Сейфуллин даңғылының шаршысында 432 пәтерге 8 көп пәтерлі тұрғын үй  құрылысы жүріп жатыр. Үйлер 2023 жылдың шілде айында тапсырылады. Онда аталған шаршыдағы 15 ескі үйдің тұрғындары көшіріледі.

Бұдан басқа, жеке құрылыс салушымен («Elif Construction» ЖШС) «Алтай-2» шағынауданындағы екі қабатты 57 үйді реновациялау бойынша меморандум жасалды. Қоныс аударушыларға 456 пәтер беріледі. 2023 жылы І кезеңде 18 ескі үйдің тұрғындарын көшіру үшін 2 тұрғын үй салынатын болады.

«Сонымен қатар, мен айтқан жоспарларды іске асыру ескі үйлердің барлық 100% тұрғындарының келісімімен ғана мүмкін болатындығын қайталағым келеді», - деді қала басшысы.