Ескертуді елемеген сегіз адам жауапкершілікке тартылды

Ескертуді елемеген сегіз адам жауапкершілікке тартылды
Сурет: SN.kz

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев қардың қалыңдығынан көлік қозғалысы қиындаған өңірлерді атады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Ауа райына мониторинг жүргізіліп, автожолдардағы төтенше жағдайларды жою және алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Бүгінде автокөліктер жиі қалып қоятын 3 мыңнан астам жол учаскелері анықталды. Өңірлер бойынша қар құрсауында көбіне Абай, Ақмола, Ақтөбе, ШҚО, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және СҚО автокөліктері қалып қойып жатады. Жолда қалатындардың көпшілігі ауа райына байланысты ескертулерді елемейтіндер немесе жазғы жанармай қолданатындар», – деді Ибрагим Күлшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ауа райы қолайсыздығына қатысты ескертуге қарамастан сапарға шыққан жолаушыларды жазаға тарту заңмен қарастырылған.

Спикердің дерегінше, жыл басынан бері 8 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, жауапқа тартылды.

ТЖМ орынбасары көтерген келесі мәселе - көлік иелерінің белгіленбеген аумақпен және мұз үстімен жүруі.

«Қыс мезгілі басталғалы, Ақмола, Атырау және Қызылорда облыстарында қайғылы жағдайға әкелген бірнеше факт тіркелді. Сонымен қатар көлігімен бірге мұзға ойылып кеткен 8 жағдай тіркелді. Салдарынан 3 адам қаза тапты», - дейді бірінші вице-министр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қыс басталғалы 3 мыңнан астам адам қар құрсауынан құтқарылған.