Есірткі тасымалдаған қылмыстық топ ұсталды

Есірткі тасымалдаған қылмыстық топ ұсталды
Сурет: Inform.kz

Есірткі тасымалдағандар қылмысы дәлелденсе, әрқайсысы 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жамбыл өңірінен еліміздің өзге аймақтарына тұрақты түрде есірткі тасымалдап отырған қылмыстық топ мүшелері Қарағандыда қолға түсті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Күдіктілерден 198 келі марихуана тәркіленген. Олар оны кәдімгі қаптарға салып, жайбарақат көлікпен тасымалдап жүрген.

Арнайы операция кезінде 3 адам қолға түсті. Кейін арнайы операция Алматы мен Таразда жалғасып, олардың тағы 3 серіктесі ұсталды. Күдіктілерден қымбат көліктер мен мылтықтар тәркіленген.

Заңсыз қадамға барғандар 34 пен 56 жас аралығындағы тұрғындар болып шықты. 

"Ұсталғандардан 6 млн 435 мың теңге ақша және 87 қапқа салынған өсімдік заты алынды. Экспертизаға сай, 198 келі марихуана заты екені белгілі болды. Аталған факт негізінде ҚР ҚК 297-бабының үшінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде", - облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.