Есіл өзенінен 85 келіге жуық өлі балық жиналды

Есіл өзенінен 85 келіге жуық өлі балық жиналды
Сурет: Turkystan.kz

Мамандар сынама жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері балық шаруашылығы су айдындарында мониторинг жүргізу барысында Есіл өзенінде балықтың жаппай қырылуын тоқтату және алдағы уақытта оны болдырмау мақсатында жұмыстар жүргізді, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz  Turkystan.kz cілтеме жасап.

Осы орайда мұз астында өлген балықтар жиналып, зертханалық зерттеуге жолданды. Қорытындысы белгілі болған соң жарияланады. Болжам бойынша, балықтың қырылуы мұз астында оттегінің жетіспеушілігінен болуы мүмкін.

«Атап айтқанда, Ақмола облысының Астрахан ауданына қарасты Новочеркасское ауылы маңындағы Есіл өзенінен 85 келіге жуық өлген балық жиналды. Қазір АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ақмола облыстық аумақтық инспекциясының өкілдерімен бірлесе сынама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалған балық санитарлық нормаларды сақтай отырып, жойылды»,-  делінген хабарламада. 

Қазір өзен суын мәжбүрлі аэрациялау үшін 2 мотопомпа орнатылған. Бұл мұз астындағы суды оттегімен қамтамасыз етуге сеп.

Еске сала кетсек, бүгінде Есіл өзені балық шаруашылығы су айдындарының резервтік қорына кіреді.