Ерін елі еске алды

Ерін елі еске алды
Суреттер: Самат Құсайынов

Ерлікті ел мәңгі жадында сақтайды

Қазақ халқында батырлар аз болмаған. Олардың батырлық іс-әрекеті ел басына күн туғанда көрінеді. Егер нақ қайсар жүректі азамат болса, онда оны елі ардақтайды. Мәңгі есте сақтайды. Ұмытпай артындағы ұрпақтарына үлгі етіп отырады. Сондай жанның бірі - небәрі 24 жыл ғұмыр кешіп, көзсіз ерлік танытқан ер Ратай еді.

Алматының С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Ратай Сұлтанбектің құрметіне ескерткіш тақта қойылды.

Шараның өтуіне Алматы әкімдігі мәдениет басқармасы мен медициналық университеттің ұжымы мұрындық болды. Мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсіміне батырдың немере інісі Кенішбек Сұлтанбеков, осы оқу орнының ректоры Талғат Нұрғожин,  туыстары Данияр Айтбеков, Сайлау Бәкірұлы, ағайын-тумалары, жақындары қатысты. Сөз арасында бірқатар естеліктер мен ойлар ортаға салынды.

Ратай Сұлтанбек - екінші дүниежүзлік соғыста айрықша ерлік көрсеткен тұлға. Ол Украинада әскери оқуда оқып, лейтенант шенін алған. Сөйтіп, 21 жасында батальон басқарған. Белоруссияны,  Германияны азат етуге қатынасқан. Қазақ арасынан шығып, көзсіз ерлік, батырлық, қайсарлық көрсетті. Өзімен бірге майдандас болған, Қазақстанның Халық жазушысы Әбу Сәрсенбаев шығармаларында қайсар оғланның батылдығын, рухты жігіт болғандығын жазып қалдырған. Ол жағы көпке мәлім.

Сондай-ақ, жиында батыр Ратайдың немере інісі Кенішбек Пәрімбекұлы жоғарыда келтірген өмір тарихын баяндап берді. Іс-шараны жүргізіп, осы істің басы-қасында жүрген Зада Арынова да атсалысқан.

Жиналған ағайын-жегжаттары қазақтың қайсар ұлы, гвардия майоры Ратай Сұлтанбековтің құрметіне Алматыдан көше атауы берілсе деген тілегін білдірді. Сонымен қатар, алдағы уақытта осындай игі шаралар жалғасын табуына ниетті екендіктерін жеткізді.