Ержан Максим халықаралық байқаудың Гран-при иегері атанды

Ержан Максим халықаралық байқаудың Гран-при иегері атанды
Сурет: Ашық дереккөзі

Бұл марапаттар дарынды жастардың табыстары мен жетістіктерін дәріптеп, олардың шығармашылығын қолдауға және насихаттауға бағытталған.

Қазақстандық жас әнші Ержан Максим Македония астанасы Скопье қаласында өткен WAF CONTEST халықаралық байқауының бас жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қазақ ұлттық өнер университеті мектебінің эстрадалық вокал бойынша 9-сынып оқушысы Ержан Максим сонымен қатар жыл сайынғы WAF AWARDS жүлдесіне ие болды.

Университеттен түскен мәліметке қарағанда, бұл екі жарысты Дүниежүзілік фестивальдар қауымдастығы өткізеді. WAF өткізген әр түрлі байқаулардың белсенді қатысушылары жыл қорытындысына сәйкес марапатталады.

Бұл марапаттар дарынды жастардың табыстары мен жетістіктерін дәріптеп, олардың шығармашылығын қолдауға және насихаттауға бағытталған.

Биылғы жылы WAF CONTEST байқауында Еуропа және Азияның 16 мемлекетінен, соның ішінде Қазақстаннан 32 қатысушы бақ сынады.

Олардың арасынан Ержан Максим байқаудың Гран-при иегері атанды. Ол өзінің жеңісін Қазақстанға, сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер университетіне арнады. Бұл университеттің биыл тойланатын 25 жылдығына алғашқы тарту болды.

Аталған байқауға Қазақстаннан Ержанмен бірге атыраулық Алтынай Төлеген де қатысып, ол WAF AWARDS жүлдесіне қоса екінші орынды еншіледі.