Ержан Бабақұмаров: Демалыс орындарында санитарлық нормаларды күшейту керек

Ержан Бабақұмаров: Демалыс орындарында санитарлық нормаларды күшейту керек
Сурет: Almaty.tv

Себебі инфекцияның жаңадан өршу қаупі жоғары болып тұр.

Бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров онлайн форматта коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі қалалық штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жиында мегаполистегі қазіргі эпидемиологиялық ахуал, карантиндік шектеулердің сақталуын жүзеге асыру мәселелері қаралды. Әкімнің орынбасары  өз тарапынан саябақтар мен адамдар көп жиналатын өзге де жерлерде санитарлық нормалардың сақталуын күшейтуді тапсырды.

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин жұқтыру деңгейінің төмендегенін хабарлады. Тәулік ішінде КВИ-дің 184 жағдайы тіркелді. Оның үстіне соңғы 7 күнде симптомды науқастардың үлес салмағы өткен жылғы 50%-бен салыстырғанда 83,2%-ды құрады, бұл жоғары патогенді мутациялы COVID-19 штаммының қоғамда таралғанын көрсетеді. Жұмыспен қамту тұрғысынан инфекциялардың 21%-ы түрлі ЖШС, ЖК, АҚ қызметкерлеріне тиесілі, сондықтан жұғудың таралуын болдырмау және ШОБ кәсіпорындарының жабылмауы үшін вакцина салдыру қажет.


Адамдар көп шоғырланған және санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталмаған жерлерде, қалалықтардың қоғамдық орындарда болуы салдарынан жұқтырудың барынша көп болатыны анықталды. Олар — базарлар, саябақтар, демалыс орындары мен СОСО және т. б. Мысалы, азық-түлік базарларында жұқтыру 8,9%-ға, азық-түлік дүкендерінде — 8,9%-ға, СОСО мен СҮ-де — 6,3%-ға өскен.


Осыған орай ахуалды әрі қарай тұрақтандыру үшін қала әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров адамдар көп жиналатын жерлерде мониторинг топтарының жұмысын күшейту қажеттігіне назар аударды.

Атап айтқанда, базарларда, вокзалдарда, әуежай аумағында, сондай-ақ жазғы кезеңді ескере отырып, субұрқақтардың жанында, саябақтар мен алаңдарда санитарлық патрульдердің жұмысын ұйымдастыруға қатысты жеке тапсырмалар берілді.

Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын санитарлық шараларды сақтауға шақырады, өйткені инфекцияның жаңадан өршу қаупі жоғары, оның ішінде COVID-19 мутацияланған штаммдары тез енуі мүмкін. Бетперде тағу режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болу, сондай-ақ медициналық қарсы көрсетілімдер болмаса, COVID-19 вакцинасын алу өте маңызды.