«Ertis» футбол клубының үшінші басшысы сотталды

«Ertis» футбол клубының үшінші басшысы сотталды
Cурет: Ашық дереккөз

Барлығы салық төлеуден жалтарғаны үшін жауапқа тартылды

 2020 жылы еліміздің бес дүркін чемпионы "Ertis" футбол командасы берешекке белшесінен батып, қаржылай қиындықтарға тап болуы салдарынан Премьер-Лига ойындарынан шығарылған болатын, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап. 

Осыдан екі жыл бұрын жүргізілген аудит нәтижесі футбол клубының 973,9 млн теңге салықтан жалтарғанын анықтады. Сондай-ақ, жаттықтырушылар мен футболшылар 379,5 млн теңге айлықты артық алған. Тағы 8 млн теңге қағазда бар, іс жүзінде жоқ қызметкерлерге төленген. 

Сол жылдың басында клубтың дамуына бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінді. Тағы 1,6 млрд теңгені демеушілер береді деген жоспар болды. Бірақ қаржылай көмек көрсететін компания тек 200 млн теңге берумен шектелді. 

Мұндай жағдайдың барлығы клуб жұмысын тоқтатуға алып келді. Ал заңсыз әрекеттерге барған басшылар сот алдында жауапқа тартылды. Бұған дейін бюджетке 193 млн теңге міндетті төлемді уақытылы аудармаған клубтың бұрынғы басшысы Серік Омарханов бір жылға бас бостандығынан айырылған еді. Жақында клубқа 2018-2019 жылдары жетекшілік еткен Ардақ Торсықпаев та сотталды. Қазынаға 300 млн теңге салықты төлемеген бұрынғы директор 2 жылын темір тордың арғы жағында өткізетін болды. Ал күні кеше 2016-2018 жылдары "Ertis" футбол клубының басшысы қызметін атқарған Жанайдар Дүйсембаевқа қатысты сот үкімі шықты. Оның тұсында шамамен 250 млн теңге қаржы қазынаға аударылмаған. Ж.Дүйсембаевтың кінәсі толығымен дәлелденіп, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды.