Ерлан Саиров: Өте үлкен прогрессивті қадам!

Ерлан Саиров:  Өте үлкен прогрессивті қадам!
Сурет: 24.kz

Бүгін Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ауыл әкімдерін сайлау өтіп жатыр.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты  Ерлан Саиров өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Құрметті достар! Бүгін Қазақстанның саяси тарихында мәні зор, мағынасы терең іс-шара болып жатыр! Саяси аренада бірінші рет аудандық деңгейдегі ауыл, кент, қала әкімдерінің тікелей сайлауы өтуде. Республиканың 14 облысының 176 ауданында 730 ауыл әкімі сайлануда, жылдың аяғына дейін 775 әкім сайланады деп күтілуде. Бұл - Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының практикалық көрінісі! Елімізде бірте-бірте, эволюциялық жолмен қоғамдық-саяси өзгерістер болып жатыр!» деп жазды депутат.

Республика бойынша сайлауға қатысу үшін 2582 адам кандидат ретінде ұсынылып, 2297(88,9%) тіркеуден өтті. Сайлауға елімізде тіркелген барша партиялар қатысуда. 878 (38,2%) үміткерді партиялар ұсынуда. Кандидаттардың басым көпшілігі 1419 (61,8%) өзін-өзі ұсынушылар. Азаматтар бұл сайлауды өзінің азаматтық позициясын білдіруге нақты мүмкіндік екендігін түсінуде. Қоғамдық-саяси  реформалар аймақтарда өтуі тиіс, өйткені Қазақстан аймақтардан тұрады.

«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, «Ауыл әкімдерінің сайлауы - бізде демократия дамытудағы маңызды қадам». Бұл реформалар мемлекет аппаратының аудан, ауыл деңгейіндегі  жауапкершілікті жіктеуді жүйелеуі тиіс. Аталған қадам азаматтардың, қоғамның саяси мәдениетін арттыра отырып, елімізде саяси плюрализм принциптерін арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Nur Otan партиясы бұл сайлаудың таза, адал өтуіне мүдделі! Батыс әлемінің қарышты дамуының басты триггерінің бірі - жергілікті өзін-өзі басқару принциптері екендігі белгілі. Бұл сайлау Қазақстанда осы өзін-өзі басқару принциптерінің алғышарты болып табылады. Сонымен бірге, Тәуелсіздік жылдары халық бірінші рет жаппай өздерінің әкімдерін тікелей сайлап алуға қолы жетіп отыр. Өте үлкен прогрессивті қадам! Біз тарихи оқиғаға куәгер болудамыз. Алға, Қазақстан!» - деген жазба жариялады Ерлан Саиров.