Алматыда Еркін Рақышевтың жаңа киносының тұсауы кесілді

Алматыда Еркін Рақышевтың жаңа киносының тұсауы кесілді
сурет: Қайрат Қонысбай

Еркін Рақышевтың тағы бір туындысы жарық көрді.

Жаңа фильмді түсіруге 30 мың АҚШ доллары жұмсалды.

«Цезарь» кинотеатрында режиссер Еркін Рақышевтың «Бақытыңды аяла» фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Фильм мейірімділік пен қайырымдылықты, адамгершілікті насихаттайды.

«Бұл фильмді түсіруге 30 мың АҚШ долларын жұмсадық. Бір-біріне жаны ашымайтын заманда осындай фильмдер болуы қажет. Сонда қоғамда жанашыр адамдар көбейеді. Менің осы уақытқа дейін түсірген фильмдерімнің барлығы қоғамдағы жайттарды айқындайды. Актерларымызда кәсіби мамандар емес, өзім лайықты деп тапқандар. Қаражат жағынан көптеген қиындықтар көрдік. Ешқандай мемлекеттің не болмаса жеке тұлғаларды қаражатына түсірілмеді. Адамдардың жүрегіне жылу сыйлайтын фильмді еліміздің барлық кинотеатрларынан тамашалай аласыздар», – дейді режиссер Еркін Рақышев.

Фильмде  құрылыста істеп жүрген жұмысшылар арасында «Дағдарыстан қалай шығамыз, қымбатшылық пен кедейшіліктен қалай құтыламыз?» деген пікірталас болады. Сол кезде бір кісі әл-Фараби бабамыздың "мемлекеттің дамып, өркендеуі үшін, халық алдымен мейірімді, қайырымды болып өсуі керек" дегенін айтады. Мұны естіген Қуат Ковид ауруханасына ерікті болып жұмысқа кіреді. Бірде "жедел жәрдем" ауруханаға дем ала алмай жатқан ауыр науқас қызды алып келеді. Тыныс алу аппараты істемей қалып, Қуат өзінің өмірін қауіпке тігіп, жасанды дем беру арқылы қызды аман алып қалады. Арада біраз уақыт өткенде, екеуі кездейсоқ кездесіп қалып, бір-біріне ғашық болады. Қуат қызды танығанмен, оны Аружанға айтпайды. Аружан өзін құтқарған жігіттің Қуат екенін білмейді.

«Фильмде мен мейірімді, жақсылыққа жаны құштар жастың бірі боламын. Бұл фильмде ойланар дүниелер өте көп. Көркем туынды бір жылдың ішінде түсірірілді. Есте қалар ерекше сәттер өте көп. Алматы қаласының әң сәнді әрі көрікті жерлерінде түсірдік. Маған барлығы ұнады. Актерлармен дос болып кеттік. Барлығына рахметімді айтамын», – дейді фильмнің басты кейіпкері Абай Мәжитов.