Еркін күрестен қазақстандық балуандар әлем чемпионы атанды

Еркін күрестен қазақстандық балуандар әлем чемпионы атанды
Сурет: Bassport.kz

Жеңімпаздар елге жүлдемен оралды.

Еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында ел қоржыны екі алтын жүлдемен толықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Дарын Әскербек Италияның Рим қаласында өткен әлем чемпионатында 55 келі салмақта ел намысын қорғады. Ол финалда америкалық спортшыны тізе бүктіріп, әлем чемпионы атанды. Өзара белдесуде отандасымыз 11:10 есебімен жеңіске жетті. Ал, екінші чемпионымыз - Камил Куруглиев. Сенімді ойын көрсеткен ол финалда қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Спортшыларымызды жанкүйерлері Алматы әуежайында күтіп алды

«Мен үшін жарыс оңай болмады. Дайындық та жақсы болды. Бастысы, жарақатсыз өтті. Бұл тек бастамасы. Болашақта халықаралық аренада көк туымызды желбіреткіміз келеді», - дейді Еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Дарын Әскербек.

«Еркін күрес құрама командасының жетістігі басқа командаларға үлкен өнеге. Ендігі мақсат - екі жылдан кейін өтетін жазғы Олимпиада ойындары. Соған бар күшімізді салып, дайындалып жатырмыз», - дейді Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов.