Еркебұлан Дайыров Азияның үздік актері атанды

Еркебұлан Дайыров Азияның үздік актері атанды
Сурет: Matritca.kz

Көрерменнің көзайымына айналған актерге бұл жүлде режиссер Эля Гильманның «Подсолнух» («Күнбағыс») фильміндегі рөлі үшін берілген.

Қазақстандық актер Еркебұлан Дайыров Канн кино сыйлығы бойынша Азияның үздік актері (best Asian actor 1st Cannes film awards) атанды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Сайттың ақпаратына сәйкес, актердің өзі қуанышты жаңалықты Instagram арқылы біліпті. 

Еркебұлан Дайыров 1986 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасазда туған. Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген.

2006 жылдан бері Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері болып жұмыс істейді.

2013 жылы Қазақстан жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты атанды, 2015 жылы Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» орденінің иегері болды.

«Бауыржан Момышұлы», «Анаға апарар жол», «Қазақ елі», «Жұлдыздар тоғысқанда», «Тараз», «Алтын орда» секілді бірқатар фильмде ойнаған.