Ерекше кәсіп ашқан Жетісай тұрғыны айына 500 мың теңге тауып отыр

Ерекше кәсіп ашқан Жетісай тұрғыны айына 500 мың теңге тауып отыр
Cурет: Inform.kz

Көп ізденіп, кітаптар оқыдым

Жетісай ауданы Асық ата ауылының тұрғыны Мадина Дәуренбек электр қуаты арқылы жарқырайтын гүлдермен көмкерілген шамдар жасайды. Ерекше дизайнмен әзірленетін бұйымдардың сапасы жоғары, бағасы да арзан. Сондықтан қызығушылар да көп. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

Мадинаны қолөнерге әкесі Алтай баулыған. Оған перде, құрақ көрпе, сәукеле секілді ұлттық нақыштағы киімдерді тігу еш қиындық тудырмайды. Ал моншақтардан түрлі бұйымдар жасау – сүйікті ісі. Мадина уақыт өте келе бойындағы бар қабілетін кәсіпке қарай бұруды ойлайды.

«Көп ізденіп, кітаптар оқыдым. Ғаламтор арқылы жарықшамдардың жасалу жолдарын үйрендім. Сонымен алғашқы жасаған дүниелерімді инстаграм арқылы саудаға шығардым. Тез өтіп кетті. Сұраныстың жоғары екендігі маған шабыт сыйлады» – дейді ол.

Негізгі тұтынушылары – Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Өскенмен қалаларының тұрғындары. Гүл, корзина, қуыршақ кейпінде жасалған бұйымдарын аптасына бір рет тапсырыс берушілерге пошта арқылы салып жібереді. Ал жақын маңдағы қалаларға автобустардың қызметін пайдаланды. Мадина жасаған заттарды алған адамдар сапасы бойынша әлі ешқандай сын айтпаған.

«Алғашқыда 30 000 теңгемен бастаған бизнесімнен қазір айына 400-500 мың теңге тауып отырмын. Қажетті заттарды Ресейден арнайы тапсырыспен алдырамыз» – дейді ол.

Қолөнерші келіншек «Бизнес бастау» курсына қатысып, 505 000 теңге грантты жеңіп алған. Ол қаржығы қажетті құрылғыларды сатып алыпты. Ендігі мақсаты кәсібін кеңейтіп, жаңа цех салу. 

«Күніне 50 данаға дейін жарықшамдар жасаймын. Ең арзаны 4 000 теңгеден басталады. Қазір үйдегі бір бөлмемді цех ретінде пайдаланып келемін. Алдағы уақытта жаңа цех салуды жоспарлап отырмыз» – дейді тұрғын.