Ералы Тоғжанов жол апатынан зардап шеккен балалардың ата-аналарымен кездесті

Ералы Тоғжанов жол апатынан зардап шеккен балалардың ата-аналарымен кездесті
Сурет: Inform.kz

Ақтөбе облысының әкімі бүгін жол-көлік апатынан соң ем қабылдап жатқан балаларды көріп, ата-аналарымен кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтөбе облыстық ауруханасында 8 бала ем қабылдап жатыр. Аурухананың бас дәрігері Ерлан Жапақовтың айтуынша, алты балаға ота жасалды. Тіпті елордалық дәрігерлер де шақырылды.

Түскі мезгілде облыс әкімі Ералы Тоғжанов ауруханаға барып, науқастардың жағдайын білді. Балаларының амандығын тілеп отырған ата-аналармен де жолықты.

«Балаларға барып, қарап шықтым. Бірінші бір Алла қолдасын, дейміз. Одан кейін дәрігерлер қолдан келгенін жасап жатыр. Республикадан да дәрігерлер келеді. Балалар аман болсын!»,- деді Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, осы оқиғаға байланысты Қылмыстық Кодекстің 345-бабы 3-тармағы бойынша іс қозғалды. Жүргізуші қамауға алынды.

Осыған дейін Ақтөбеде оқушылар мінген минивэн аударылып, бір бала көз жұмғаны хабарланды.

Сондай-ақ Ақтөбеде оқушылардың көлік апатына ұшырауына байланысты тергеу жүріп жатқаны жазылды.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасынан балаларға операция жасалғаны хабарланды.

Кейінірек жол-көлік оқиғасына түскен балалардың жаттықтырушысы ес түссіз жатқаны анықталды.

Ал көлікті басқарған спорт мектебі директорының орынбасары екені белгілі болды.