Қуыршақ театрында - "Ер Төстік" қойылымы

Қуыршақ театрында - "Ер Төстік" қойылымы
almaty-akshamy.kz

6 шілде – Астана күні мерекесіне орай қазақ халқының аңыз-тарихынан бастау алып, өз кейіпкерлерімен бүлдіршіндердің сүйікті туындысына айналған «ЕР ТӨСТІК» ертегісінің премьерасы өтті.

«Ер Төстік» - қазақ ертегілерінің ішіндегі ең көне әрі батырлық үлгідегі туындылардың бірі. Мұнда қиял-ғажайып, батырлық жыры элементтері, тарихи-мифологиялық кейіпкерлер мен оқиғалар кездеседі.

Қызықты әрі қатерлі оқиғалардан өте отырып, арманына жететін Төстік батыр мен оның жолдастары Көлтауысар, Желаяқ, Шапшаң, Саққұлақ, Шалқұйрық атты кейіпкерлермен өрбитін оқиға кішкентай көрермендерімізді ерекше әсерге бөлейтіні анық.  Аталған кейіпкерлер арқылы өмірде де әрбір қиындықтарды оңтайлы шешуге көмектесіп, жанынан табылатын достардың болуына деген арманға бағытталады.

Қуыршақ тілінде сөйлеп, театр сахнасына шығатын кейіпкерлер өздеріне сай мінез ерекшеліктерін тауып, балаларды ғажайыптар әлеміне куәгер етеді. Ертегілер патшалығы саналатын қуыршақ театрындағы жаңа премьера бүлдіршіндерді тартымды әуен, қызықты әрі құбылмалы оқиға арқылы өз сырына баурап алып, сәбилерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.