ЕО-ға баратын қазақстандықтарға визалық режимді жеңілдету мәселесі талқыланды

ЕО-ға баратын қазақстандықтарға визалық режимді жеңілдету мәселесі талқыланды
Сурет: Inform.kz

Парижде Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орай, екі елдің іскер топтарының кездесуі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Тараптар ЕО-ға баратын Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету мәселесін қарастырды. Еліміз бен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді толық іске асыруға уағдаласты. Сондай-ақ, тараптар Украинадағы қақтығыс пен Ауғанстандағы жағдай бойынша пікір алмасты. Екі ел арасындағы экономикалық даму перспективалары да талқыланды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 170-тен астам француздық компания жұмыс істейді. Кейінгі 16 жылда Франциядан елімізге бағытталған тікелей инвестиция көлемі 17 млрд долларға жеткен. Францияның Сыртқы істер министрлігі Континенталды Еуропа департаментінің директоры Фредерик Мондолони еліміз Орта Азиядағы негізгі және сенімді серіктесі екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін екі мемлекет басшыларының кездесуі ұйымдастырылатынын жеткізді.

Жиынға қатысқан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко болса елімізде өткен референдум нәтижелеріне тоқталды.

«5 маусымда өткен референдум – бұл реформаларымыздың бастапқы кезеңі. Елді жаһандық жаңғырту жалғасады. Жүргізіліп жатқан терең институционалдық өзгерістер қазақ халқының арманына сай келеді», - деді ол.