ЕНЕ мен КЕЛІН

ЕНЕ мен КЕЛІН
almaty-akshamy.kz

Ене мен келін тақырыбы әлі де күн тәртібінен түскен емес. Өйткені, әр шаңырақта ене, әр әулетте келін бар. Өмір болған соң, жақсы мен жаманның қатар өрілетіні секілді, енесін жамандайтын келін де, келінін жақтырмайтын ене де бар. Бір-бірін мақтап отыратын немесе жақсысын асырып, жаманын жасырып, шаңырақтың шаттығын шайқалтпай ұстап отырған үлкені де, кішісі де аз емес арамызда.

Үш әйелдің өзара әңгімесі ене мен келін тақырыбына ойысты.

 

БІРІНШІ ОҚИҒА: «Шешемнің жүзі үнемі сынық жүретін»

– Менің үлкен жеңгем, біраз жылдың жүзі болды, қазір төсек тартып жатыр, кезінде анамды сыйламаушы еді. Ісінен гөрі, сөзі көп болатын. Сол үшін де осынша қиналып жатыр деп ойлаймын кей-кейде. «Осыншалықты қинайтындай не жаздым?!» деп күңіренетіні бар дерті жанына батқан кезде. Сондай кезде ойлап қоямын іштей, баяғы күндерін, шешемнің бір кесе шайын да дұрыс құйып бермеген, құйса да, кесесін сілкініп беретін сәттерін есіне алар ма екен деп. Әй, қайдам?! Кейде бетіне айтып-айтып тастағым келеді, бірақ онсыз да дерт меңдеп жатқан адам, шыны керек, қарғап жібере ме деп тартынып қалатыным бар.

Бала болсам да, әлі күнге есімде, анам ошақ түбінде көзінің жасын бір сүртіп алып, нан жауып отыратын. Сонда жеңгем шабаланып бірдеңелерді айтып жататын, ештеңе ұға қоймасам да, дұрыс қарым-қатынас еместігін түйсінетінмін. Шешемнің жүзі үнемі сынық жүретін. Сол жаныма бататын. «Мен келін болатын болсам, ата-енемді жылатпай, әлпештеп өтер едім» деп армандап кетуші едім бір сәт ондайда. Анам ерте өтті өмірден. Мені енеме табыстап кетті. Ал мен ата-енемді қолымнан келгенше құрметтедім. Енем марқұм ешқашан білмеген жерімді бетіме басқан емес, үйрететін, жетелеп отыратын. «Сен қандайсың» дескен жеріміз жоқ. Екеуі де риза болып кетті. Баласын сүйсең, ата-анасын да қадірлейсің деп ойлаймын. Кейде түсіме кіреді. Сағынады екенмін екеуін де, – деп көзіне жас алды Айсәуле.  

 

ЕКІНШІ ОҚИҒА: Самаурынның шайы

– Менің анам өте жайлы, қатты сөзі жоқ, дауысы да қатты шықпайтын кісі-тін. Сырт қараған адамға жуастау көрінетін. Бірақ әлдебір мысы бар-тын өзіне бағындырып тұрар.

Мен мектеп бітіре салып, қалаға оқуға кеттім. Үйге бірінен соң бірі келіндер түсе бастады. Мен жылына бір рет келемін үйге, демалысқа. Сондағы анам мен жеңге, келіндерімнің ара-қатынасына риза болатынмын. Кенже келіні қолында, қалған үшеуі бөлек тұрды, бір ауылда. Біз шешемізді әжеміздің бауырында өскен үлкен ағамыздың ізімен «апа» деп кеткенбіз, ал келіндері «мама» дейтін. Осы бір ауыз сөзге жүрегім жылып, жақсы көріп тұратынмын жеңгелерім мен келіндерімді. Анам төрт келіннің басы қосыла қалғанда, «бүйтіп жібере ғой, сен сөйтіп жіберші, ананы төрт жақтап бітіріп тастаңдар» деп бір-бірін жақындатып, шүйіркелестіріп, ортасына дәнекер болып отыратын. Тұңғыш жеңгем келін болып түскенде, көршідегі апаларды шақырып алып, самаурынмен шай беріп, қолтықтарына бір-бір орамал қыстырып жіберетін. Екінші жеңгем бар шаруасын асықпай істейтін. Сонда оның ана жақта әлі еден жуып жүргенін байқап, анам барып түскі тамағының етін қуырып қойып жүретін. Үшінші келін түскенде, жас емес пе, ұйықтап қалатын көрінеді. Анам ұйқысы сергек адам, ақыры ояу жүргесін самаурын қайнатып қояды екен таңертең. Ал жас келін «енем қайнатып қойған шайды қалай ішемін» деп ұялып, таңертең көзге түспей жұмысына шығып жүре беретін көрінеді. Бір күні анам оны да отырғызып қойып, «менің әзірге самаурын қайнататын қауқарым бар, қысылма, жұмысқа шай ішіп кеткін» депті. Төртінші келіні күш-қуаты қайта бастағанда түсті. Шашын тарап, тырнағын алып беріп отыратын. Сол келіндері шешем қайтқанда тізіліп отырып жоқтағанда, көз жасымды тоқтата алсамшы! Анамның қырқы өткенше, үйге келгенде бәрі марқұм шешемнің бөлмесіне сәлем салып кіретін. Анамның пейіліне қарай текті келіндер келді шаңырағымызға! – деді Нұргүл.

ҮШІНШІ ОҚИҒА: «Бізге ененің мектебі керек»

– Мен ата-енем туралы ештеңе айта алмаймын. Себебі, ерте қайтыс болып кеткен екен. Дегенмен, айналамнан көріп жүргенімдей, бізге ененің мектебі керек-ақ. Әйелдер бас қоса қалған кезде, енелерін жамандай жөнелетіндері де бар. Бірдеңе дей қояйын десең, «сен не білесің» дей ме деп тосылып қаласың. Бас салып шешесіне қоңырау шалып, кеше үйінде не болғанын баяндап жататын әйелдерді де көріп жүрміз. Енесін жақтырмағанын білдіріп баласын орынсыз шымшылап жылататын да келіндерді көргенбіз.

Бір танысым бар, келінін жас демей, әр ісінен ілік іздеп, ене болғанның жөні осы екен деп жер-жебіріне жетіп, білмегенін ақырын түсіндірудің орнына байбалам салып отырады. Ондай кезде келіннің беті ашылып, тілін шығарып, қадірін жоғалтып алуы да мүмкін ғой.

Қазір өзіміз де ене болатын жасқа таяп қалдық. Дегенмен, өзімді қазірден дайындап жүрмін. Үйге түскен жас келін – кешегі ерке қыз, бір шаңырақтың аялап өсірген ардақтысы. Енді ғана отау құрған ерлі-зайыптының алғашқы жылдары әрқайсысының өзіндік «мені» басым тұратыны бар ғой, өзіміз де сондай болдық, несін жасырамыз. Сол «менді», екі жақтың «менінің» тігісін жатқызатын ене деп ойлаймын. Ене салиқалы болса, шаңырақ көтерген жастардың ажырасуы мүлдем болмайды деп ойлаймын. Отбасы ынтымағы үшін әркім өзінің аналық, келіндік орнын біліп, риясыз тіл табыса білсе, береке-бірлік ешқайда қашпайды деп білемін. Әрине, жылтыр сөздерді кестелеп тұрып ақыл айту оңай. Менің қандай ене боларымды уақыт көрсетер, – деп езу тартты Гауһар.