Енді құжаттар цифрлық форматта сақталады

Енді  құжаттар цифрлық форматта сақталады
Сурет: Gov.kz

Бұл туралы айтқан ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ғабидолла Әбдірахманов келесі жылдан бастап архив қызметкерлерінің жалақысы өсетінін де мәлім етті.

Қазақстанда архивтік құжаттарды цифрлық форматта сақтайтын жаңа ақпараттық жүйе енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Архивист мамандығына осы уақытқа дейін жіті көңіл бөлінбей келді. Оның ішінде мемлекеттік органдар тарапынан да аз назар аударылды. Қазір біз е-архив жаңа ақпараттық жүйесін енгізудеміз. Оның негізінде барлық мемлекеттік органдардан деректер базасы және электрондық архивпен жұмыс істей алатын жоғары білікті IT-технологияларды меңгерген мамандардың жұмыс істеуі талап етіледі. Себебі Мемлекет басшысы Жолдауда архив қызметкерлерінің жалақысымен қоса біліктілігін де арттыруды міндеттеді. Жалпы архив жұмысын заманауи түрде ілгерілетудегі маңызды бағыттың бірі оны цифрлық форматқа ауыстыру. Яғни, барлық құжаттарды электронды форматта сақтауымыз қажет», - деді Ғабидолла Әбдірахманов.

Сондай-ақ, вице-министр Мемлекет басшысы шетелдегі елімізге қатысты архив құжаттарын зерттеуді тапсырғанын айтты.

«Президенттің осы тапсырмасына сәйкес, арнайы кешенді жоспар қабылданды. Жоспар аясында біздің мамандар шетелдік мұрағаттарға барып, ондағы құнды құжаттармен танысып жатыр», - дейді ол.