Енді трамваймен қыдырамыз

Енді трамваймен қыдырамыз
Сурет: Vlast.kz

Трамваймен серуен жанданбақ

Енді алматылықтар мен қала қонақтары орталық саябақта трамваймен қыдыра алады. Бірақ ол рельспен емес, дөңгелекпен жүреді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Құрастырушылар көлікті шаһардың бұрынғы атауымен «Алма-Ата» деп атаған. Қала тұрғындарының айтуынша, ретро-вагон 1980 жылдары мегополисте жүрген «ЛM-33» маркалы трамвайға ұқсайды. Трамвайда 12 орын бар. Вагон кезінде Ленинградта шығарылған «ЛМ-33» немесе халық арасында «Американка» деп аталған трамвайға ұқсатып, қолдан құрастырылды. Оны Еділ Көбебаев бастаған 4 жігіт жасап шығарған. Олар ретрокөлікті құрастыруға 3 айға жуық уақыт жұмсаған.

Қала қонақтарының ішінде бұл көлік түрін мүлде көрмегендер де бар екен.

Алматыда трамвай 1937 жылы пайда болды. 90-шы жылдардан бастап оның қозғалысына шектеу қойыла бастады. Кейіннен біртіндеп рельсі бұзылды. Ал 2015 жылы мүлдем алынып тасталды.

«Біз, алматылықтар, өз қаламызды жақсы көреміз. Байырғы тұрғындар қаланың бұрынғы келбетін сағынышпен еске алады. Сондықтан сол кезде жүрген трамвайды жұртшылыққа ұсынғымыз келді. Балалармен қоса үлкендер де отырып, бұрынғы кезді еске алып жатады. Әрине, бұл – декоративті көлік. Бірақ трамвайдың элементтерін сақтауға тырыстық. Алдағы уақытта саябаққа осыған ұқсас ретро көліктер қойсақ деген жоспарымыз бар», – дейді мәдениет және демалыс саябағының басқарушысы Владимир Калинин.

«Бұл трамвайдың құрал-жабдықтарын Мәскеуден тапсырыс беріп алдырттық, Алматы қаласында таныс жігіттер жинады. Оны осы қалада өзіміз боядық. Төрт адам жинады», – деді Еділ Көбебаев.

Өнертапқыштар трамвайға әлі де қосымша бөлшектер қойып, түрлендіруге ниетті. Ал басшылық тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, тағы қандай ретрокөлікті көргісі келетіндерін білмек.