Енді спортпен шұғылданатын оқушылар дене шынықтыру сабағынан босатылады

Енді спортпен шұғылданатын оқушылар дене шынықтыру сабағынан босатылады
Cурет: Артём Чурсинов

Енді спортпен шұғылданатын оқушылар дене шынықтыру сабағынан босатылады. Бұл туралы Дүниежүзілік гимназиада – 2022 жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz BAQ.kz-ке сілтеме жасап.

«Президент 1 000 мектеп салу бойынша тапсырма бергенін білесіздер. Енді осы мектептерді жаңа үлгіде салып жатырмыз. Соның ішінде осы мектептер бір емес, бірнеше спорт залдармен жабдықталады. Ол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ жаңа типтік жобалар дайындалып жатыр. Бұл да еліміздегі спортты дамыту үшін септігін тигізеді»,  - деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігінің басшысы оқушылар мен олардың жаттықтырушылары жиі көтеріп жүрген мәселеге тоқталды.

«Бізде аптасына 3 сағат дене шынықтыру сабағы өтеді. Енді күнде, тіпті аптасына 5-10 дайындалып жүрген оқушыларды, спортшыларды осы пәннен босату немесе ерікті түрде қатысуға қатысты ұсыныс болды. Бұл ұсынысты біз (министрлік – авт.) зерттедік, жан-жақты қарадық. Қазір тиісті заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Енді күнделікті спортпен айналысып жүрген оқушыларға осындай мүмкіндік беріледі», - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов оқушыларды марапаттау рәсімінде.