Енді 1,2 млн. теңге жарнаға пәтер алуға болады

Таяуда «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова алдағы айда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылатынын айтты. Жаңадан енгізілген бағдарлама бойынша 12 млн. теңгенің пәтерін алу үшін 1,2 млн. теңгедей алғашқы жарна салса жетіп жатыр.
Сондай-ақ, онда Ләззат Ибрагимова Қазақстан Тұңғыш Президентінің 5 әлеуметтік бастамасының іске асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында «Қоғамдық кеңесте мамырдың соңында іске қосылатын жаңа бағдарламаны талқыға салатын боламыз. Атап өтетіні, ол көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Оған кем дегенде 4 баласы бар отбасылар, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған азаматтар және толық емес отбасылар мен жалғызбасты аналар қатыса алады», – дей келе, бұл бағдарламамен пәтерді 19 жылға 2 пайыз ипотекамен алуға болатынын айтқан болатын.
«Мұндағы табыс орташа болу керек. Мысалы, 12 млн. теңге көлеміндегі зайымды алу үшін отбасының барлық мүшесіне шаққандағы табыстың орташа мөлшері 88 450 мың теңге болуы шарт. Нәтижесінде алғашқы 8 жылда олар ай сайын 60 мың теңге, кейінгі 11 жылда 44 мың теңгедей төлем төлейді. Бұл ретте аталған бағдарлама аясында жаңа және бұрын пайдалануға берілген баспананы сатып алуға мүмкіндік беріледі», – деп атап өткен еді басқарма төрайымы.
Осыдан әрі ол өз сөзінде «Бағдарлама бойынша пәтер бағасы Астана, Алматы қалаларында 15 млн. теңге, облыс орталықтарында 10 млн. теңгені құрайды. Әрине, елдегі көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар осы бағдарламаны тағатсыздана күтіп отыр. Өйткені, бағдарламаның жылдық пайыздық мөлшері айтарлықтай төмен және бар болғаны 2 пайызды ғана құрайды», – дей келе, бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекеттен 50 млрд. теңге бөлінетінін атап көрсетті. Осылай елдегі 6 мың отбасыны баспанамен қамтамасыз етіп, олар жалға берілетін үйден өз пәтеріне көшуге мүмкіндік алатынын айтқан еді. Сондай-ақ, ол көпбалалы отбасылар бұл бағдарламаға әкімдіктер берген тұрғын үй сертификаттары бойынша қатыса алатынын тілге тиек етті.
Л.Ибрагимова өз сөзінің аяғында «Қазір Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарының әкімдіктері тұрғын үй сертификатын беруге ниет таныта бастады. Өйткені, бұл әлеуметтік көмек болып саналады. Сөйтіп, осы арқылы елдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасылар баспаналы болуға мүмкіндік алатын болады. Осылай 1 млн. теңгенің тұрғын үй сертификаттары пәтер алуға кезекте тұрған отбасыларға берілетін болады. Атап өтетіні, бұл бағдарламаның алғашқы жарнасы 10 пайызға дейін төмендетіліп отыр. Мысалы, 12 млн. теңгенің пәтерін алу үшін 1 млн. 200 мың теңге жарна салса жеткілікті», – деді де, бұл үшін бағдарламаға қатысқысы келген отбасылар әкімдікке барып «көпбалалы отбасы», «мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған» немесе «толық емес отбасы» дәрежесімен пәтер алу кезегінде тұр деген қағаз алуы керек екен.
Әзірлеген – Қ.АЙМАХАН.