Ең танымал тұлға

Ең танымал тұлға
vecher.kz

Журналистика корифейлері халықаралық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін марапатқа ие болды. Сыйлық дүйсенбі күні табысталып, Валерий Жандәулетовтің 75 жылдығына орайластырылды.

Аталған кеште БАҚ-та 50 жыл жұмыс істеген коммуникация шеберлері, қазіргі Қазақстан тарихында маңызды рөл атқарған көптеген жобалардың бастамашылары марапатталды. Марапаттау рәсіміне халық жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, Қазақстанның Журналистика академиясының басшысы Сағымбай Қозыбаев, «Alataý aqparat» ЖШС Бас директоры Төлеміс Күлмұхамедов, ҚР Журналистер одағының басқарма төрағасы Сейітқазы Матаев, «Новая газета» бас директоры Александр Краснер және басқа да танымал журналистер мен қоғам қайраткерлері қатысты.

– Валерий Айтмұқашұлы – еліміздегі ең танымал журналистердің бірі. Шын мәнінде, ол өмір бойы отандық БАҚ-та қызмет атқарды. Оның қызметі Димаш Ахметұлы Қонаев тұсында басталып, егемендік дәуірінің жаңа уақытымен ұштасып жатыр, – деп марапаттау рәсімін Қазақстан Журналистика академиясының басшысы ашты.

Сағымбай Қозыбаев Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап және келесі онжылдықтарда Валерий Жандәулетов еліміздің Тұңғыш Президентімен бірге жұмыс істегенін, Мемлекет басшысының баспасөз қызметін, содан кейін оның Алматы филиалын басқарғанын атап өтті.

– Президентпен бірге ол әлемнің көптеген елдерін аралап, экваторға барды. Бұл сапарлар жаңа тәуелсіз мемлекеттің халықаралық қауымдастыққа кірігуінде үлкен рөл атқарды, – деп атап өтті Журналистика академиясының басшысы. Сондай-ақ, Сағымбай Қозыбаев еліміздің қалыптасуы мен дамуына арналған ондаған публицистикалық басылымдардың авторы Жандәулетов кітаптарының бір бөлігі шет тілдеріне аударылғанын еске салды.

Кәсіби қызметімен қатар Валерий Жандәулетов азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосты, Олжас Сүлейменовтің антиядролық қозғалысты ұйымдастыру және дамыту жөніндегі әріптесі болған.

– Бүгінде ол «Невада–Семей» қозғалысы құрылғанына 30 жылдан астам уақыт өткен соң, қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Олжас Сүлейменовпен бірге ядросыз әлем идеяларын ілгерілету бойынша жұмысты жалғастыруда, – деп атап өтіп, Сағымбай Қозыбаев сыйлық лауреатына зор денсаулық және кәсіби және қоғамдық жұмыста одан әрі табыстар тіледі. Осы тілектерге қосыла отырып, «Новая газета» бас директоры Александр Краснер Валерий Жандәулетовтің жақындарына, достарына, әріптестеріне деген ықыласын жеткізді:

– Біз Валерий Айтмұқашұлын «Бауыртай» деп қазақша атаймыз. Бұл атау өзі туралы сыр ашады – ол жолдасымыздың мейірімділігін, шынайылығын, адамгершілігін баса көрсетеді, – деді ол.

Қазақстан Журналистер одағының басшысы Сейітқазы Матаев өз кезегінде Валерий Жандәулетовтің көзқарастарының кеңдігін атап өтті.

– Баспасөз қызметінде жұмыс істей отырып, ол басылымдарға ақпаратқа қол жеткізу бойынша тең мүмкіндіктер беріп, оларды сол және оң, мемлекеттік және жекеменшік немесе қандай да бір басқа қағидат бойынша бөлмей, осындай тәсіл біздің БАҚ-ты дамытудың маңызды тетігіне айналды, – деді Сейітқазы Матаев.

Ол, сондай-ақ, Валерий Жандәулетовтің өз сөзіне деген жоғары жауапкершілігі мен адалдығымен ерекшеленетінін атап өтті:

– Егер Валерий Айтмұқашұлы бірдеңе уәде берсе, онда ол міндетті түрде оны жасайды, ұмытпайды – ол барлық істі бақылауда ұстайды, – деп түйіндеді.

Осы сөздерде Сейітқазы Матаев ҚР Журналистер одағының атынан Валерий Жандәулетовке тағы бір марапат – ҚР Журналистер одағының алтын медалін табыс етті.

Салтанатты рәсімді аяқтаған Сағымбай Қозыбаев бүгінде Валерий Жандәулетов баспа жобалары мен қоғамдық бастамалардың ортасында жүргенін, ҚР Журналистика академиясының вице-президенті, «Невада–Семей» қозғалысының вице-президенті болып табылатынын, ЮНЕСКО аясында мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының жетекші ғылыми қызметкері болып жұмыс істейтінін тілге тиек етті.

– Валерий Айтмұқашұлы осы бағыттардың бәрінде жоғары кәсібилік танытады, – деп қорытындылады Сағымбай Қозыбаев.

Атап өтер жайт, Олжас Сүлейменов атындағы Халықаралық сыйлық өткен жылы ақын және қоғамдық-саяси қайраткердің 85 жылдығына орай тағайындалған болатын.