Еліміздің республикалық маңызы бар жолдарында қызмет көрсету нысандары ашылмақ

Еліміздің республикалық маңызы бар жолдарында қызмет көрсету нысандары ашылмақ
Сурет: ҚР ИИДМ телеграм каналы

Әзірше Қарағанды, Ақмола, Жамбыл облыстарындағы жолдардың бойында салу жоспарланған.

 Қазақстанның республикалық, облыстық маңызы бар жолдарының бойында дәмхана, дүкендер, әжетхана, жуыну бөлмелері, намазханасы бар 35 заманауи жол бойы қызметі нысаны салынбақ, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚР ИИДМ телеграм каналына сілтеме жасап.

 Жол бойы қызметі жобасының жетекшісі Дәулет Серановтың мәліметінше, бұл Comfort атты алғашқы кешен Алматы-Қапшағай тас жолында қазірден бастап жұмыс істеп тұр.

 «Бұл жерде тек көлігіне жанармай құйып қана қоймай, тамақтана алады. Керек-жарағын сатып алатын шағын маркет те бар. Ұзақ сапарға шығатын жүк көліктері жүргізушілерінің душқа түсуіне болады. Жайлы әжетханаларды айтпағанда, дәрет алатын арнайы орын мен намазхана да бар», — дейді Дәулет Серанов.

 Мұндай кешендерді Қазақстанның түкпір-түкпіріне салу жоспарланып отыр. Ұзын-саны — 35. Үш-төрт жыл ішінде осыншама кешен құрылысы аяқталуы тиіс. Болашақта одан да көп салынуы мүмкін. Бастапқыда Қарағанды, Ақмола, Жамбыл облыстарындағы жолдардың бойында жасалмақ.

 «Бұл кешендерге қажеттілік күшейді. Әлемдік стандарттарға сай заманауи кешендер барлық жерге салынуы тиіс», - дейді Дәулет Серанов.