Еліміздегі порт арқылы сауда-саттық көлемі артып келеді

Еліміздегі порт арқылы сауда-саттық көлемі артып келеді
Сурет: Рortaktau.kz

Сауда-саттық жандануда.

Үстіміздегі жылы Құрық теңіз порты арқылы жүк тасымалдау көлемі үш есеге артты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бұған дейін паром арқылы тек Әзірбайжаннан тауар тасуды жүзеге асырған болатын. Сондай-ақ биыл Маңғыстаудан Иранға паром желісі ашылды. Бұл бағыт арқылы жыл басынан бері 2,9 мың тонна жүк әкелінген. Негізінен өңірге құрылыс материалдары, жеміс-жидек пен көкөніс жеткізілген.

Эпидахуал кезінде Құрық портында автокөлік паромының жұмысы жанданды. Шекаралар жабылған уақытта порт жұмысын тоқтатпай, ПТР-тест арқылы көлік жүргізушілерін өткізген.

«2020 жылы шілде-тамызда рекордтық көрсеткішке жеттік. Порт арқылы 40-50 мың көлікті жылына тасымалдай алатындай күші бар екенін көрсетті. Адамдар Грузиядан, Әзірбайжаннан көліктерін алып келді. 2020 жыл Құрық порты үшін өте жақсы жыл болды деуге болады», - деді Құрық портының директоры Серік Ахметов.

Алдағы уақытта мұнда тек жүк тасымалы ғана емес, жолаушылар тасымалы да жолға қойылмақ. Әзірбайжан мен Құрық порты арасындағы паромда 30 адамға арналған каюталар болса, биылдан бастап орын санын 200-ге дейін арттыруға келісім жүріп жатыр. Сонымен қатар жол ұзақтығы да 4 сағатқа қысқарған.