Елімізде қымызбен емдеу орталықтары ашылуда

Елімізде қымызбен емдеу орталықтары ашылуда
Сурет: El.kz

Қымыз иммунитетті нығайтады

Пандемиядан кейінгі кезеңде сауықтыру туризміне сұраныс жоғары. Түркістан облысының шаруалары қымызбен емдеу орталықтарын ашуды қолға алған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бүгінде Диханкөл елді мекені сапалы емдік сусынымен танымал. Туристер мұндағы қымыз өндірудің өзіндік құпиялары бар екеніне сенімді. Фермерлердің өздері ұлттық сусынның артықшылығын жылқының тау етегіндегі емдік шөпке жайылуымен байланыстырады. Күн сайын жергілікті тұрғындар 3 000 тоннаға дейін қымыз сатады.

«Елімізде мұндай үлкен көлемде қымыз өндірісімен айналысатын ауылдар кемде-кем. Ауылымыздың 80% осы қымыз өндірісімен айналысады десем, қателеспейтін шығармын. Халық табиғи өнімдермен емделуге ден қоюда. Ауылдың кәсіп жасаймын деген азаматтары үй іргесінен осындай саумалмен сауықтыру орталықтарын ашып жатыр», - дейді Төле би ауданының Қоғалы ауылдық округінің әкімі Қайрат Қыпшақов. 

Бүгінде жаңа сауылған бие сүті, саумал саудасы қызып тұр. Оны сауғаннан кейін бірден үстелге қояды. Саумалдың емдік қасиеті туралы түрлі аңыздар бар. Бірақ дәрігерлер ұлттық сусындар саумал мен қымызды барлық ауруға қарсы ем ретінде емес, иммунитетті көтеру үшін қолдануға кеңес береді.

«Негізгі ем ретінде қолдана алмаймыз. Себебі ауру асқынып тұрған кезде медициналық мекемеге жүгіну керек болады. Ал саумал тек әрі қарай имунитетті нығайту, қосымша күш-қуат алу үшін қажет», - дейді дәрігер-кардиолог Жанар Қантаева. 

Айта кету керек, өңірде қымызбен емдеуден басқа экотуризмді дамытуға мән берілмек. Ол үшін арнайы туристік жорықтар ұйымдастыру жоспарланған.