Елімізде «АрХО – 2021» ойындары өтуде

Елімізде «АрХО – 2021» ойындары өтуде
Сурет: Gov.kz

Еліміздің Қорғаныс министрі Жамбыл облысындағы «Мәтібұлақ» полигонында «АрХО – 2021» конкурстарына қатысушыларды құттықтады.

Қорғаныс министрлігінің дерегінше, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Қазақстан Республикасының аумағында өтетін Армиялық халықаралық ойындарды ресми түрде ашық деп жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қорғаныс ведомствосының басшысы конкурстарға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Армиялық халықаралық ойындардың ауқымы кең, ірі әлемдік біріншілікпен бір деңгейде екенін атап өтті.

«Армиялық ойындардағы сайыстар – бұл нысананы зақымдауда дәлдік пен мергендікті, әртүрлі қаруды меңгеруде шеберлікті, мінсіз дене дайындығы мен төзімділікті, әскери техниканы басқарудағы сенімді дағдыларды көрсету. Ойындар әскери қызметшілерді бейтаныс жерде, психоэмоционалдық шиеленіс жағдайында әрекет етуге мәжбүрлеумен де  қызықты», – деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Жеті жыл ішінде Армиялық халықаралық ойындарға қатысушы елдердің саны 17 мемлекеттен 44-ке дейін артты. Сайыстар түрі де көбеюде. Конкурстардың барлық кезеңі қатысушылардан команда құрамында әрекет ету кезінде төзімділікті, ептілікті, дәлдік пен шеберлікті талап ететін қазіргі заманғы шынайы ұрыс жағдайына барынша жақындатылған.

Армиялық ойындардың жауынгерлік машықты арттырудағы маңызын атап өткен генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев:

«Әскери қызметшілер оқу-жаттығулар немесе жарыстар уақытында нақты және үйлесімді әрекет етсе, онда олардың кемінде 80%-і жауынгерлік жағдайда да дәл осылай әрекет ететінін өз ісін жете меңгерген кәсіби әскерилер жақсы біледі», – деді.

Биыл Жамбыл облысындағы 40-ыншы әскери базаның аумағында армиялық ойындардың 2 конкурсы – минаатқыштар есептоптары арасындағы «Артиллериядан оқ ату шебері» және ҰҰА мамандарының «Сұңқар аңшылығы» сайыстары өтеді. Қазақстан жауынгерлері әскери сайыстарда әрдайым жоғары нәтижелер көрсетіп, осы конкурстарда ұдайы алда болып келеді.

Ойындарға қатысу үшін «Мәтібұлақ» полигонына 8 елден артиллеристер және 4 мемлекет армиясынан ұшқышсыз ұшу аппараттарының есептоптары келді. Конкурстарға 3 елден келген өкілдер бақылаушы ретінде қатысады.

«Қазақстан – бейбіт саясатты ұстанатын мемлекет. Осындай жарыстардың арқасында біз жауынгерлік даярлықтың күшті және әлсіз жақтарын айқындап, шеберлікті одан әрі шыңдап, оның тиімділігін арттыра аламыз. Бұл бейбіт дамуды мақсат еткен бүкіл адамзат дамуының прогрессивті жолы. Мұнда әскери қызметшілер ұрыс даласында емес, спорт сайыстарында күш сынасады. Алайда, Қазақстан армиясы елдің егемендігі мен қауіпсіздігін қорғауға қабілетті деп сеніммен айта аламын. Даярлықты жоғары деңгейде ұстау үшін Армиялық халықаралық ойындарға дайындық барысында да, оны өткізу кезінде де жаттығамыз», – деді қорытынды сөзінде генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев.

Ел аумағында өтіп жатқан Армиялық халықаралық ойындар ағымдағы жылғы 2 қыркүйекке дейін жалғасады.