Елімізде алғашқы сауда орталығы Алматыда ашылған

Елімізде алғашқы сауда орталығы  Алматыда  ашылған

Еліміздегі ең алғашқы сауда орталығына  60 жыл.

Көпшілікке «ЦУМ» атауымен танымал сауда орны 1961 жылы Алматыда ашылды. Орталық әмбебап дүкен қаланың орталығында, Жібек жолы көшесінде бой көтерген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Almaty.tv сайтының мәліметінше, Алматыда алғашқы болып ашылған мұндай сауда орталықтары кейіннен Шымкент, Қарағанды сынды қалаларда да бой көтере бастаған. Алматы халқын алғаш рет әлемдік брендтермен таныстырған сауда орнында азық-түлік, шет мемлекеттен әкелінген киім-кешек, тұрмыстық техника мен жиһаздың үлкен таңдауы болған. Орталық басшысының айтуынша, ол кездері тауарларға деген сұраныстың көптігінен, сөрелер дереу босап қалатын. 

«ЦУМ» ұжымы Мәскеудегі Олимпиада ойындарының қонақтарына қызмет көрсетті. Себебі алғашқы рет бізде мердігерлердің жалға алуы сынды қызмет көрсетудің формалары пайда болған еді. Ол кездері сауда орталығының жылдық тауар айналымы 1000 миллион рубльдей болды. Бұл өте үлкен сома болатын. Нысан ауқымды жөндеу жұмыстарынан кейін 2014 жылы сәулет өнеріндегі Hi-tech стилінде қайта ашылды. Осылайша ғимараттың аумағы да кеңейді», – деді сауда орталығының директоры Сергей Иванов.

Бастапқыда сауда орталығы мемлекеттің қарамағында болды. 90-шы жылдардағы тоқыраудан кейін дүкен жекеменшік кәсіпкерлердің қол астына беріліп, бірнеше рет жөндеуден өтті.  

Сауда орталығы қанша жөндеуден өтсе де, тарихи жәдігер ретінде сақталған бөлігі бар. Мәселен, мрамордан жасалған баспалдақ пен оның жиегі де 60-шы жылдардан қалған. Сондай-ақ, сауда орнының қасбетіндегі өрнектері де ғимараттың алғашқы сәулетіндегі элементтер екен.

Алғашында сауда орталығында 50-дей сату бөлімі болса, қазір олардың саны бір жарым мыңға жеткен.