Елордада жыл басынан бері 72 адам тамақтан уланған

Елордада жыл басынан бері 72 адам тамақтан уланған
Сурет: Google.com

Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны үшеу.

Тамақтан улану белгілерінің инкубациялық кезеңі 30 минуттан 24 сағат аралығында байқалуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Тамақтан улану – қоздырғыштармен және олардың токсиндерімен (90-95% жағдайда) немесе микробтық емес сипаттағы улы заттармен ластанған тағамды тұтұну нәтижесінде пайда болатын жедел ауру. Басқаша айтқанда, тағамнан улану микробтық немесе микробтық емес болуы мүмкін.

Осылайша, жыл басынан бері елордада қоғамдық тамақтану объектілері бойынша тамақтан улану жағдайлары тіркелген. Нәтижесінде 72 адам зардап шекті, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны үшеу. Сонымен қоса, ауа-райының жылыну мерзіме сәйкес тағамды дұрыс сақтамау нәтижесінде тұрғындар арасында бірен-саран (бір реттік) үй жағдайында  тамақтан улану жағдайлары жиі тіркелуде.

Айта кетейік, тамақтан улану белгілерінің инкубациялық кезеңі 30 минуттан 24 сағат аралығында байқалуы мүмкін. Дегенмен, көп жағдайларда улану белгілері 2-6 сағат аралығында айқын көрініп жатады. Науқастың бойында жүрек айну, құсу, диарея (іш өту), әлсіздік, ұйқы қашу, асқазан немесе ішек ауруы, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер пайда болады.

Жалпы сырқаттанудың кезеңі адам ағзасының жасына және жалпы жағдайына, бактериялардың немесе токсиндердің алуан түріне, қабылданған тамақ мөлшеріне байланысты. Ересектерге қарағанда кішкентай балаларда ауру ағымы  әлдеқайда ауыр түрде өтетінін атап өту қажет.

Осыған байланысты, елорданың Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды өзін-өзі емдеумен айналыспауға, емдеу курсын тағайындау және ықтимал асқынуларды болдырмау үшін дәрігерге уақтылы жүгінуге шақырады.