Елордада «Томирис» халықаралық кинофестивалі өтуде

Елордада «Томирис» халықаралық кинофестивалі өтуде
Сурет: Qazaqtv.com

Елордада  III Халықаралық «Томирис» студенттік кинофестивалі өтіп жатыр.

Биылғы байқауға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Армения, Франция, Чехия мен Оңтүстік Кореядан талантты жас режиссерлер қатысып жатыр. Қазылар алқасының назарына анимациядан бастап, түрлі жанрдағы 53 фильм ұсынылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап. 

Олардың - 34-і халықаралық, 19-ы ұлттық фильмдер номинациясы бойынша сынға түседі. Туындыларды 3 күн көлемінде әйгілі шетелдік кинорежиссерлер мен отандық білікті мамандар бағалайды. Олардың қатарында танымал кинорежиссер, «Оскар» сыйлығының екі мәрте номинанты Сергей Бодров та бар.

«Сапалы кино деген нені білдіреді? Бұл - қызықты тақырып, сонымен қатар өзекті тақырыптардың бірі. Екінші критерий – көркемдік қасиет. Кез келген адам камераны алып, кез келген нәрсені, кез келген оқиғаны түсіре алады. Бірақ көркем бе, бұл режиссердің болашақта фильм немесе сериал түсіруге мүмкіндігі бар ма? Міне, осының барлығы кино тіліне байланысты болмақ. Қаншалықты жақсы продюссердің табылуы, операторлар мен актерлердің болуы , мұның барлығы да көркемдік сапаға келіп тіреледі», - дейді қазылар алқасының төрағасы Гүлнар Әбікеева. 

«Бұрқасын» картинасымен қатысып отырмын. Бұл фильм осыдан екі жыл бұрын түсірілген еді. Туынды қазіргі уақытпен жаңа тыныс алып, міне карантиннен кейін халықаралық фестивальде көрсетілуде. Мен үшін бұл өте маңызды. Картинада 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы баяндалады. Мен оны бірінші курста оқып жүргенде түсіргем. Соңғы кезде бұл тақырып өзекті бола бастады», - дейді кинофестивальге қатысушы Әділет Есім.