Елордада LRT бағандарын ешкім бұзып жатқан жоқ – CTS

Елордада LRT бағандарын ешкім бұзып жатқан жоқ – CTS
Cурет: Ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласында құрылысы басталып, аяқсыз қалған LRT бағандарын бұзып жатыр деген ақпарат – жалған

Бұл туралы City Transportation Systems компаниясының ресми өкілі мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бүгін әлеуметтік желілерде «LRT конструкцияларын бұзып жатыр» деген видео кең тарап кетті. Осыған орай таралған видеоның өткен жылы түсірілгенін ресми түрде хабарлаймыз. Аталған бейнежазбада қытайлық консорциум жалдаған техниканың жұмысы бейнеленген. Бұл техника құрылысқа қажет бөренелерге арналған технологиялық негізді (алаңды) талдау үшін жалданған. Елордада LRT құрылысын демонтаждау бойынша ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ», - деді аталған компанияның қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Науат Азанбаева.

Айта кетсек, былтыр CTS компаниясы LRT құрылысының алаңында құрылыс-монтаждау жұмыстарына дайындық басталғанын хабарлаған еді.

Еске салсақ, 2021 жылы мамыр айында аталған жобаға бөлінген 6 млрд теңгеге жуық қаржыны талан-таражға салды деген айып тағылған бірнеше азамат 7-10 жылға сотталған болатын.