Елорда полицейлері көпірден секірмек болған ер адамды құтқарды

Елорда полицейлері көпірден секірмек болған ер адамды құтқарды
Cурет: Ашық дереккөз

29 жастағы жігітті осындай әрекетке не итермелегені анықталып жатыр

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері көпірден секірмек болған ер адамды құтқарды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Департамент мәліметінше, бүгін сағат 7:22-де Жедел басқару орталығының «102» арнасына Қабанбай батыр даңғылында ер адамның көпірден төмен секірмек болғаны туралы қоңырау келіп түскен. Елордалық полицейлер оқиға орнына дереу жеткен. Полиция қызметкерлері аталған азаматты сөзге тартпақ болғанымен ол барынша қарсылық көрсетіп, мүлдем мәмілеге келмеген. Содан кейін полиция аға лейтенанты Қайрат Құснеденов ер адамды қатты ұстап алып, қауіпсіз жерге шығарған.

«Біз экипаж құрамы оқиға орнына дереу жеттік. Сол кезде қоршаудың арғы жағында ер адамның жылап, өзіне ешкімді жақындатпай тұрғанын көрдік. Санаулы секундтарда мен ер адамға жақындап, оны ұстап алдым. Сол кезде әріптестерім де келді. Ер адамның қолымыздан жұлқынып шығып кетпек болғанына қарамастан, оны қайтадан көпірге алып шықтық. Мән-жайды анықтау үшін оны «Есіл» ауданының полиция басқармасына жеткіздік», - дейді Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Қайрат Құснеденов.

29 жастағы жігітті осындай әрекетке не итермелегені анықталып жатыр.