Елімізге жасанды дәрі-дәрмек әкеліп жүргендер анықталды

Елімізге жасанды дәрі-дәрмек әкеліп жүргендер анықталды
Сурет: Qazaqstan.tv

Соңғы екі жылда Қазақстанға жалған дәрі-дәрмектерді әкелу бойынша 700-ге жуық бұзушылық фактісі тіркелді.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният брифингте айтты,  - деп хабарлайды  Almaty-akshamy.kz.

«Дәрілік заттардың заңсыз айналымын бақылау шеңберінде үнемі мониторинг жүргізіледі. Соңғы екі жылда 700-ге жуық бұзушылық фактісі орын алып, дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқаны үшін 80 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Қазір екі қылмыстық іс тергелуде», - деді Ажар Ғиният.

Оның айтуынша, азаматтар тарапынан жалған дәрі-дәрмек сатып алу туралы өтініштер түскен жоқ.

«Біз барлық өтініштерді немесе медициналық ұйымдарға кіретін пациенттеріміздің «сары карталарын» қадағалаймыз. Заң бойынша мұндай дәрілік препараттардың сапасы мен қауіпсіздігіне толық тексеру жүргізіліп жатыр», - деп қосты министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылғы 30 мамырда дәрілік заттарды таңбалау ережесіне өзгерістерді енгізген, бірақ ол 6 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.