Елімізге Air China қайта қатынай бастайды

Елімізге Air China қайта қатынай бастайды
Сурет: Сlass-tour.com

Рейс саны аптасына 19-ға дейін көбейген.

21 сәуірден бастап Air China әуе компаниясы Бейжің – Сиань – Астана бағыты бойынша аптасына 3 рет жиілікпен (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма) тікелей жолаушылар рейсін орындауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

ИИДМ Азаматтық авиация комитеті ҚХР авиациялық билік орындарымен бірлесіп, Air China әуе компаниясының Қазақстан мен Қытай арасындағы тұрақты жолаушылар рейстерін қалпына келтіру мәселесін пысықтады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, рейстерді Airbus-A320 типті әуе кемелері атқарады.

Өз кезегінде Қазақстан тарапынан Air Astana әуекомпаниясы биыл маусым айынан бастап Астана – Бейжің бағыттары бойынша орындалатын рейстер санын 1-ден 2 рейске дейін, Алматы – Бейжің бағыттары бойынша 6-дан 7 рейске дейін және Алматы-Чэнду бағыттары бойынша аптасына 1-ден 2 рейске дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Осылайша, елдер арасындағы рейстер саны аптасына 13-тен 19 рейске дейін ұлғайтылады. Оның ішінде қытайлық China Southern Airlines әуе компаниясы Астана – Үрімші бағыты бойынша аптасына 2 рейс және Алматы – Үрімші бағыты бойынша 3 рейс жасамақ.

Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа бағыттардың ашылуы және әуе рейстері санының артуы елдер арасындағы туристік, мәдени, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.