Еліміздің жаңа картасы жасалды

Еліміздің  жаңа картасы жасалды
Сурет: Ortcom.kz

Қазақстанның саяси-әкімшілік картасы әзірленді.

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Өткен жылы Мемлекет басшысының жарлығымен жаңа үш өңір – Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Осыған орай Үкімет іс-шара жоспарын бекітіп, ондағы тармақтардың бірі - Қазақстан Республикасының саяси картасын және жаңа облыстардың тақырыптық картасын өзектендіру болды», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, бұл бағытта қыруар жұмыс істелген.

«Әріптестеріміз үлкен жұмыс атқарып, 1:1 500 000 масштабымен Қазақстанның саяси-әкімшілік картасын жасады. Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының картасы жаңартылып, 1 млн масштабпен Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының картасы әзірленді. Сонымен қатар 1:25 000 масштабпен Қарағанды, Семей, Өскемен қалаларының, 1:10 000 масштабпен Жезқазған, Қонаев, Талдықорған қалаларының жоспар-сызбасы жаңартылды және жасалды», - деді Әсет Тұрысов.