Еліміздің Ресейдегі сауда өкілдігі жабылады

Еліміздің Ресейдегі сауда өкілдігі жабылады
Сурет: Arbat.media

Бұл туралы Үкімет басшысы 24 қаңтарда тапсырма берген. 

Үкімет қаулысының жобасына сәйкес, Сауда және интеграция министрлігінің «Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілдігі» мемлекеттік мекемесін тарату жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Іnformburo.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл ҚР Премьер-Министрінің 2023 жылғы 24 қаңтардағы №12-11/Б-70 тапсырмасын орындау мақсатында іске асырылмақ.

Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілдігінің таратылуына сәйкес, ҚР Үкіметінің бірқатар шешімдеріне өзгертулер енгізіледі.

Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілдігінің ресми сайтында бұл туралы ақпарат жоқ.

«Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілдігі туралы» ережеге сәйкес, Сауда өкiлдігін қайта ұйымдастыру және тарату Ресей Федерациясының тиiстi органдарын хабарландыра отырып, ҚР заңнамасына сәйкес, ҚР Yкiметiнің шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.

Еске салайық, Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілдігі Мәскеу қаласында жұмыс істейді. Екі ел арасындағы «Өзара сауда өкілдіктерін құру туралы» келісімге Қазақстан мен Ресей үкіметтері 1992 жылғы 22 қазанда қол қойылған болатын.

Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілінің міндетін атқарушы қызметін Дамир Әділбеков атқарады.