Еліміздің мерекелік күндер тізбесін Электрондық коммерция күні толықтыруы мүмкін

Еліміздің мерекелік күндер тізбесін Электрондық коммерция күні толықтыруы мүмкін
Сурет: Zhasalash.kz

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндер тізіміне қосымша әзірледі.

Атап айтқанда, мерекелік күндер тізбесін 20 тамыз - Электрондық коммерция күні етіп толықтыру жоспарлануда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Egemen.kz-ке сілтеме жасап.

«Жобаны қабылдау Қазақстанда электрондық коммерцияның ағымдағы жағдайы мен дамуына арналған іс-шараларды жыл сайын өткізуге, Электрондық коммерция күні аясында электрондық коммерция саласының үздік жобаларын марапаттауға мүмкіндік береді», - делінген түсіндірме жазбада.

Бұдан басқа, халық арасында электрондық коммерцияны танымал ету және онлайн-сатып алуды жүзеге асыруды ынталандыру жөніндегі іс-шараларды өткізу жоспарлануда.

Оның ішінде электронды сауда алаңдары мен интернет-дүкендер арасында кеңсе тауарлары мен мектеп керек-жарақтарын жеңілдікпен сату бойынша акциялар мен онлайн жәрмеңкелер ұйымдастыру, бұл бірінші кезекте ата-аналарға (оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына) балаларды жаңа оқу жылына төмендетілген бағамен дайындауға мүмкіндік береді.

ИСМ-нің пікірінше, осының барлығы электрондық коммерцияның дамуына айтарлықтай серпін береді, нәтижесінде бұл стратегиялық көрсеткішке қол жеткізуге әкеледі.