Еліміздің бір топ ректоры озық оқу орындарымен іскерлік байланыс орнату мақсатында Ұлыбританияға барды

Еліміздің бір топ ректоры озық оқу орындарымен іскерлік байланыс орнату мақсатында Ұлыбританияға барды
Сурет:7kun.kz

Іссапарды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастап барды. 

Іссапардың алғашқы күнінде делегация басшысы “Болашақ” бағдарламасы арқылы білім алып жатқан студенттермен кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бүгінде 300-ден астам стипендиат Ұлыбританияның Russell group қауымдастығына кіретін беделді жоғарғы оқу орындарының студенті. Олар инженерлік техникалық, медицина, IT және басқа да мамандықтар бойынша магистратура және докторантурада оқып, тағылымдамадан өтуде. Биылғы жаңалықтардың бірі стипендиаттарға алған білімдерін шыңдау үшін шетелдік компанияларда жұмыс істеуге рұқсат етіледі. 

«Global fortune - ең үздік компаниялардың тізімі қарастырылған. Сол тізімге кіретін компаниялардан егер жұмысқа тұру бойынша ұсыныс болса біздің стипендиаттарда, онда біз бір жылға дейін жұмыс не болмаса, тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береміз», - дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин. 

Ғылым және жоғары білім министрі бастаған топ, сондай-ақ, Times Higher Education рейтингтік агенттігінің өкілдерімен кездесті. Қазақстандық жоғары оқу орындарының ректорлары халықаралық рейтингтерге енудің тың әдіс-тәсілдердерімен танысты. Бұдан бөлек UCL университеті факультеттерінің декандарымен дидарласудың сәті түсті. 

«Біз білім беру саласына маманданған оқу орнымыз. Қазақстандық білім ордаларына басқару, мамандандыру, зерттеуді дамыту, оқытушыларды дайындау сияқты бағыттар бойынша қолдау білдіруге ниеттіміз», - дейді UCL Университеті Білім, тәжірибе және қоғам департаментінің басшысы Брэд Блитз.

Іссапар мақсаты Ұлыбританиядағы үздік академиялық және зерттеу университеттерімен ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Бүгін қазақстандық ректорлар бірқатар британиялық әріптестерімен кездесіп, пікір алмасулар жалғасады.