Еліміздің бес өңірінде азық-түлік бағасы шарықтап тұр

Еліміздің бес өңірінде азық-түлік бағасы шарықтап тұр
Сурет: SN.kz

Әкімдіктер әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасын ұстай алмай отыр.

Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин азық-түлік бағасы шарықтап тұрған өңірлерді атады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қазақстанда жыл басынан бері азық-түлік инфляциясының орташа деңгейі 1,4 пайызды құрады. Бірақ кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болып тұр.

Атап айтқанда, Астана мен Шымкент қалаларында 2,2%, Қызылорда мен Солтүстік Қазақстан облыстарында 1,8%, Ақтөбе облысында 1,7%, ал Ұлытау облысында азық-түлік 1,5 пайызға қымбаттады.

Әкімдіктер әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасын да ұстай алмай отыр. Мәселен, Маңғыстау облысында осы санаттағы тауарлар 3,4 пайызға көтерілді. Ұлытау облысында 2,8%-ға, ал Астана қаласында 2,5%-ға өскен.

"Тауарлар бөлінісінде жыл басынан бері ең жоғары өсім пиязға 22,5%, күріш 5,2%, қырыққабат 4,1%, сүт және сәбіз 3,1%, картоп 3,0%, макарон 2,6%-ды құрады", - деді Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, әкімдіктер қолда бар шараларды да, қаржыны да тиімді пайдаланып жатқан жоқ. Мәселен, Маңғыстау облысында бағаны тұрақтандыруға арналған 3,6 миллиард теңгенің 2 миллиард теңгесі игерілмей жатыр.

Ал Астана қаласында "айналым схемасы" бойынша қаржыландыруға бөлінген қаржының көлемі 14 миллиард теңгені құрайды. Соған қарамастан, елорда бағаның өсуі бойынша көшбасшылар үштігіне кіреді.