Еліміздің алты облысында қоқыс өртейтін зауыт құрылысы тоқтатылды

Еліміздің алты облысында қоқыс өртейтін зауыт құрылысы тоқтатылды
Сурет: Kaz-waste.kz

Зауыт салу мәселесі 2021 жылдан бері созылып келеді.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқару жөніндегі мемлекеттік саясат департаментінің директоры Мансұр Ошурбаев алты облыста қоқысты өртеу зауыттарын салу жобасы тоқтатылғанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ведомство өкілінің айтуынша, Қазақстанда қоқысты өртеу зауыттарын салу мәселесі 2021 жылдан бері созылып келеді.

"Жоспарланған алты қоқыс өртейтін зауыт құрылысын жүзеге асыруда белгілі бір қиындықтар бар. Расында да ұтып алған компания бұл жобаны жүзеге асыруды тоқтатуға ниет білдірді. Яғни, аукционда дәл осы алты зауыт өтті, олардың құрылысы жүргізілмейді. Жоба тоқтатылды", деді Мансур Ошурбаев.

Департамент директоры жобаны қай қалаларда жүзеге асыру жоспарланғанын еске салды. Олар: Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Тараз және Ақтөбе.

Ол сонымен қатар қалдықтарды жағу тарифтері мәселесі әлі пысықталып жатқанын айтты.

2020 жылдың күзінде Қазақстан қалаларында қоқысты өртеп, оны электр қуатына өңдейтін зауыттар салынады деген ақпарат пайда болды. Бұл идеяға сол кездегі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мирзағалиев үлкен үміт артқанымен, кейіннен экологтар қарсы шықты.