Еліміздің 7 өңіріндегі республикалық маңызы бар 34 тасжол учаскесі жабық

Еліміздің 7 өңіріндегі республикалық маңызы бар 34 тасжол учаскесі жабық
Сурет: Ашық дереккөзі

Алматы-Өскемен тасжолының Үшарал қаласы мен Шығыс Қазақстан өңірі аралығы жабылды.

Еліміздің 7 өңіріндегі республикалық маңызы бар 34 тасжол учаскесі жабық, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.

Ақмола өңірінде Астана-Қабанбай батыр-Киевка-Теміртау тасжолының Қабанбай батыр ауылы мен Қарағанда өңірі шекарасы аралығы жабық тұр.

Жетісу өңірінде Үшарал-Достық күре жолының Көктұма бекетінен Достық бекетіне дейінгі аралығы жабық. Сонымен қатар, Алматы-Өскемен тасжолының Үшарал қаласы мен Шығыс Қазақстан өңірі аралығы жабылды.

Шығыс Қазақстан өңірінде 15 жол учаскесі жабылды. Олардың қатарында Омбы-Майқапшағай, Семей-Қайнар, Алматы-Өскемен, Таскескен-Бахты тасжолдары бар.

Жамбыл өңірінде Алматы-Ташкент-Термез тасжолының Кенен ауылынан Қайнар ауылына дейінгі аралығы жабылды.

Қарағанды өңірінде тоғыз күре жолдың учаскелері әлі де жабық тұр. Шектеу Қарағанды мен Балқаш арасында, Ақмола өңірінің шекарасынан Теміртау қаласына дейінгі аралықта, Қарағанды мен Павлодар арасында, Бастау ауылы мен Теміртау арасында енгізілді.

Қостанай өңірінде Ұлытау өңірінің шекарасынан Арқалық қаласына дейінгі аралық жабық тұр.

Павлодар өңірінде Қарағанды облысының шекарасынан Шідерті ауылына дейінгі аралық, Қалқаман ауылынан Қарағанды өңірінің шекарасына дейінгі аралық, Кенжекөл ауылынан Абай өңірінің шекарасына дейінгі аралық, Ақсу қаласынан Абай өңірі шекарасына дейінгі аралығы жабық.