Еліміздің 471 гидротехникалық құрылысына жөндеу қажет

Еліміздің 471 гидротехникалық құрылысына жөндеу қажет
Сурет: Zakon.kz

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла Азидуллин айтты.

Қазақстанда 471 гидротехникалық құрылысты жөндеуден өткізу қажет, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында вице-министр республикалық баланстағы гидротехникалық құрылыстардың су тасқыны кезеңіне дайындығы баяндады.

Оның айтуынша, республика аумағында барлығы 1806 тірек гидротехникалық құрылыс бар. Республикалық меншікте – 536, коммуналдық меншікте – 1011, жеке меншікте – 239, иесіз – 20.

"Биыл қаңтар айындағы жағдай бойынша 1322 гидротехникалық құрылыс зерттелді. 471 нысан жөндеуді талап ететіні анықталды, оның 327–сі коммуналдық меншікте, республикалық меншікте – 94, жеке меншікте – 44, алтауы – иесіз", - деді Азидуллин.

Экология министрлігі су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізу және қажетті инертті материалдар мен техниканы дайындау үшін жергілікті атқарушы органдарға тиісті іс-шараларды өткізу туралы ұсынымдар жіберді.

Сондай-ақ ол республика аумағындағы ірі су қоймалардың орташа толу көрсеткіші 60-75%-ті құрайтынын атап өтті.

"Ірі су қоймаларына ағынның күтілетін көлемі – норма шегінде. Барлық су қоймасында су қабылдауға арналған бос көлемдер бар. Су қоймалары бекітілген жұмыс режиміне сәйкес жұмыс істеп жатыр", - деді вице-министр.