Еліміздің үш азаматы Германия Парламенті тағайындаған халықаралық стипендияға ие болды

Еліміздің үш азаматы Германия Парламенті тағайындаған халықаралық стипендияға ие болды
Сурет: Bundestag.de

Беделді бағдарлама 1986 жылдан бері жұмыс істейді және Бундестагта тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді.

Неміс саясатының «жүрегі» – Бундестагта тағылымдамадан өту – екінің біріне беріле бермейтін мүмкіндік. Жоғары білім, тіл білуден басқа, саясаттану сырттаны болу – шарт. Биыл іріктеуге әлемнің 33 елінен 96 адам қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Үздіктер қатарында отандастарымыз Виктория Пульникова, Сымбат Серікова және Надира Мұхамеджан бар. Қыздарымыз депутаттар бюросында неміс демократиясы үлгісімен жақынырақ таныспақ.  

«Осы Германиядағы саяси өмірдің бір ерекшелігі - депутаттар тек Берлинде жұмыс істемейді, олар тағы да сайланған аймаққа әр апта сайын жиі-жиі барып тұрады және сол жерде азаматтармен кездеседі. Яғни, азаматтар мен сайлаушылардың депутатпен байланысы өте тығыз және кез келген уақытта сол аймақтан адамдар мында келе алады және депутаттармен кездесе алады. Уақытын белгілеп, бюроға өздері кіре алады. Яғни, Германияның кез келген азаматы не үшін сайлағанын, кімге дауыс бергенін өзі көре алады», - дейді IPS бағдарламасының стипендиаты Надира Мұхамеджан. 

Неміс Парламентінде 736 депутат жұмыс істейді. Ресми шаралармен қатар жергілікті тұрғындармен кездесу әдеткі жұмыс жоспарына еніп кеткен. Тағылымдама аясында әр стипендиат депутаттың біріне бекітіліп, кеңседе көмектеседі, тіпті пленарлық отырыстарға қатыса алады.

«Бірінші айда теория, яғни Парламенттің қалай жұмыс істейтіні туралы айтылады. Мені ең қатты таң қалдырғаны – коалиция, яғни бұл – 3 фракциядан тұратын және олардың басымдықтары әртүрлі партиялардан тұратын басқарушы коалиция. Бундестагда оппозиция да бар. Демократияның ең маңызды нүктесі, олар бір үстелге отырады, тіпті кейбір келіспеушілік туындаса да, орта тұсын тауып, келісуге тырысады», - дейді IPS бағдарламасының стипендиаты Виктория Пульникова.

Тағылымдамаға қатысушылар жазда депутаттың сайлау округіне саяхат жасамақ.

«Талқылаулар барысында халық үшін тиімді ету туралы өте қызу пікірталастар жүреді. Германияның саяси өмірінің бір ерекшелігі, депутаттар тек Берлинде ғана жұмыс істемейді. Олар өзі сайланған туған округіне жиі барады. Жергілікті жұртпен кездеседі. Яғни, депутат пен сайлаушылар арасындағы байланыс өте тығыз», - дейді IPS бағдарламасының стипендиаты Сымбат Серікова.

Стипендиялық бағдарлама 5 айға созылады. Тағылымдамадан кейін отандастарымыз елге оралып, тәжірибесімен бөлісуді жоспарлап отыр.