Еліміздегі жылдық инфляция 17,7%-ке жетті

Еліміздегі жылдық инфляция 17,7%-ке жетті
Сурет: Еl.kz

Бұған азық-түлік қымбатшылығы да айтарлықтай үлес қосып отыр.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Оның айтуынша, инфляцияның айлық динамикасы биыл наурыз айындағы ең жоғары көрсеткіштен төмендегеніне қарамастан, орташа жылдық мәндерден біршама асып, жеделдей бастады.

«Оқу жылының оффлайнға толық өтуі, Ресейде жарияланған ішінара мобилизациядан кейін көрші елден халықтың ағылуы аясында баспананы жалдау ақысы бойынша, сондай-ақ білім беру қызметі мен кеңсе тауарлары бойынша соңғы екі айда бағаның айтарлықтай өскені байқалды. Жылдық мәнде инфляция 17,7%-ке жетті», - деді Пірматов.

Инфляцияға азық-түлік қымбатшылығы айтарлықтай үлес қосып отыр. Азық-түлік өнімдерінің инфляциясы жылдық мәнде 22,2%-тен асты.

Азық-түлікке жатпайтын инфляция да импорттық тауарлардың қымбаттай түсуінен және оларға сұраныстың жоғары болуынан 17%-ке дейін жылдамдады. Ақылы қызмет көрсету инфляциясы 12,3%-ті құрады.