Еліміздегі жаңа облыстарға кадастрлық кодтар берілді

Еліміздегі жаңа облыстарға кадастрлық кодтар берілді
Сурет: Informburo.kz

Тізімде 289 кадастрлық код бар.

Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 17 қазандағы бұйрығымен жер учаскелерінің кадастрлық нөмірлерін қалыптастыру мақсатында облыстарға, республикалық маңызы бар қалаларға, астанаға, аудандарға берілетін кодтардың тізбесіне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Атап айтқанда, тізімге жаңа облыстардың кодтары қосылды.

Абай облысына 23, Жетісу облысына 24, Ұлытау облысына 25 деген нөмір берілді.

Қазақстанда 2022 жылғы 8 маусымда Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымының кейбір мәселелері туралы» Жарлығы күшіне енді.

Құжатқа сәйкес үш жаңа облыс құрылды:

Шығыс Қазақстан облысының құрамынан Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандарын, Семей және Курчатов қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Семей қаласында орналасатын Абай облысы;

Алматы облысының құрамынан Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандарын, Талдықорған және Текелі қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында орналасатын Жетісу облысы;

Қарағанды облысының құрамынан Жаңаарқа, Ұлытау аудандарын, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Жезқазған қаласында орналасатын Ұлытау облысы құрылсын.